Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында жүктіліктің 25-ші аптасындағы әйел жұмыстан қысқартылған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
- 2015 жылдың қазан айынан бастап Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылдық округі әкімдігінде жастар ісі жөніндегі маман болып қызмет істедім. Қазір жүктіліктің 25-ші аптасындамын. Тамыз айының басында денсаулық жағдайыма байланысты ауруханада жатқанымда маған қоңырау шалған әріптестерім ауыл әкімінің мені 1 тамыздан бастап жұмыстан қысқартқандығын айтты, - дейді Сапаргүл Биярованың (аты-жөні өзгертілген).
Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов Сапаргүлдің 2019 жылдың 1 тамызынан бастап жұмыстан босатылғанын растады.
– Сапаргүл Биярованың жұмыстан қысқартылғандығы рас. Осының алдында аудан әкімінің орынбасары А.Аққазинның қызметтік қатынасы негізінде ауылдық округ әкімдеріне және бөлім басшыларына Тарбағатай ауданының жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың штат сандары өзгеріп, құрылымдық өзгерістер жүргізілетіндігі ескертілген. Осыған орай штат саны бірліктерінің өзгеретіндігі және штат санының қысқаруы мүмкін екендігі туралы алдын ала 1 ай бұрын (Еңбек кодексі 53-бап, 1-тармақ) маусым айының 26- күні қызметкерлерге сонымен қатар С.Бияроваға ауыл әкімі құлақтандырып, жазбаша ескерткен және оған қызметкерлер келісіп қол қойған. Сол кезде С.Биярова жұмыс берушіге жүктілік туралы анықтаманы ұсынбаған, - дейді шенеунік.
Қазіргі таңда Тарбағатай ауданы әкімінің 2019 жылғы 30 шілдедегі №326 штат санының қысқартылуына байланысты қаулы шыққан. Аталған қаулы негізінде Қабанбай ауылдық округінің әкімі тамыз айынан бастап С.Биярованы жұмыстан босатыпты.
- Егер жұмыстан босату жайлы өкім бойынша ҚР Еңбек кодексінің бұзылу фактісі орын алған жағдайда сіз сотқа арыздануға құқылысыз, - дейді Қайрат Мауадинов.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ