Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылында шілде айының 29 жұлдызында халықаралық Ақындар айтысы ұйымдастырылады. Дулат Тастекеев атты азамат айтыстың жүлде қорына 20 миллион теңге бөліп отыр. Сонымен бірге, Ақсуатта 20-шы тамызда өзге демеушілердің көмегімен халықаралық «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестивалі өткізілмек, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
– Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылын адам танымастай өзгерттік. Менің ойымша, Ақсуат Шығыстағы ең көрікті аудан орталықтарының біріне айналды. Ең алдымен бұл – халықтың еңбегі. Елбасының Жолдауында көрсетілгендей «Рухани жаңғыру» бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осыдан үш апта бұрын Ақсуат ауылында 25 мемлекеттің басы қосылып Қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы әлем кубогі ұйымдастырылды. Бәрі де жоғары баға беріп кетті. Әлем кубогі дәрежесіндегі жарыстарды облыс орталықтарының өзіне бере бермейді. Тарбағатай халқы бұл шараны жұмылған жұдырықтай жоғары дәрежеде өткізе білді, – дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Аудан әкімінің айтуынша, 29 шілдеде Ақсуат ауылында халықаралық дәрежеде Ақындар айтысы өткізілмек. Айтысты Жүрсін Ерман келіп жүргізеді. Аудан билігі Түркия, Ресей, Моңғолия, Қытай бәрін қосқанда 15-20 мемлекеттің ақындарын шақырып отыр екен.
– Қазақ күресінен Әлем кубогі 100 пайыз демеушілердің көмегімен өтті. Абаттандыру жұмыстарына қарастырылғаны болмаса бұл тойға аудандық бюджеттен 1 тиын да бөлінген жоқ. Сол секілді айтысты өткізуге Екпін ауылының тумасы Дулат Тастекеев деген кәсіпкер жігіт көмек көрсетпек. Өткен жылы ғана аталған кәсіпкер Ақсуатқа мешіт салып берген. Жүлде қоры – 20 миллион теңге. 20 тамызда халықаралық дәрежеде «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестивалі болады. Оған бір емес, бірнеше демеуші қолдау көрсетіп отыр. Осы үшін Орталық стадионды жөндеп жатырмыз. Ал Ақындар айтысын Орталық алаңда өткіземіз, – дейді аудан әкімі.