Бүгін таңертеңгі уақытта Тарбағатай ауданының өрт сөндіру бөліміне Ақсуат ауылының тұрғыны қоңырау шалып, 2009 жылғы баласы 13 қазан күні үйінен шығып кетіп, осы уақытқа дейін табылмағаны туралы айтқан, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Аудандық ТЖБ-нің мәліметінше, іздестіру жұмысына дереу атқарушы органдардан 1 техника мен 4 адам, 20 полиция қызметкері, 5 көлік, ТЖБ және ӨСБ қызметінен 2 техника және жеке құрамнан 6 адам жұмылдырылған.
Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде «қашқын» баланы Тарбағатай ауданының ТЖБ басшысы Дәурен Сағатбеков Ақсуат ауылынан мөлшері 7-8 шақырым жердегі Екпін-Көкжыра ауылдарының орта тұсынан тауып алды.
– Алдымен мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізу жету үшін баланың ата-анасымен сөйлестік. Осы оқиғаға дейін бала бір рет қашып кетуге әрекет жасаған екен. Ақсуат ауылына көшіп келмес бұрын олар Көкжыра ауылында тұрған. Естіген фактілерді ескере отырып, Көкжыра ауылына қарай бағытта іздеуді жөн көрдік. Жолда келе жатып ши түбіндегі баланы алыстан байқап қалдым. Сөйтсек, біз іздеген бала болып шықты, – дейді Дәурен Сағатбеков.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы, медициналық көмек қажет емес.