Тарбағатай ауданында Қазақ күресінен өтетін Әлем кубогіне 25 мемлекеттің балуандары қатысады

1339
көрілім

Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында өткізілетін Ырғызбай Досқанаұлы атындағы Қазақ күресінен үшінші Әлем кубогіне 25 мемлекеттің балуандары бақ сынасатын болды. Бұл туралы Өскеменде өткен баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар хабар етті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бүкіләлемдік Қазақ күресі федерациясының Вицепрезиденті Серік Түкиев:

Үшінші рет өткелі отырған Әлем кубогі Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында ұйымдастырылады. Ауқымды жарыстар ауылды өңірлерде өте қызықты өтетінін ерекше атап өткім келеді. Ондай көп көрермендер олимпиадалық ойын түрлеріне жиналмауы мүмкін. Сол үшін Әлем кубогін өткізуді ұйғардық. Осы бастамаға қолдау білдіріп отырған Күресі түрлері Халықаралық ассоцациясының президенті Гинтаус Вилейтаға көп алғыс білдіргіміз келеді. Еуропа мен Азияның мықты балуандары бас қосады. Төртіншібесінші рет келіп, белдесетін балуандар да бар. Осы күнге дейін Грузия, Ресей, Белорусия, Еуропа елдерінің бірқатар мемлекеттері Қазақ күресін меңгеріп келеді. Қазақстанның да атынан осы сайыста кіл мықтылар боз кілемге шығатын болады.

Күресі түрлері Халықаралық ассоцациясының президенті Гинтаус Вилейта:

Қазақстандағы Қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлерінің бір уақытта мыңдаған көрерменді тарта алатыны бізді таң қалдырады. Демек, мұндай Әлем кубогін өткізуге болады деп ауыз толтырып айта аламыз. Өткен жылғы сайыста жаңбыр жауып кеткеніне қарамастан, халықтың одан ары көбейгеніне таң-тамаша болдым. Осыны көре тұра қалай қолдамаймыз!? Спортшыларға сәттілік тілеймін.

Бүкіләлемдік Қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Талғат Мәзібаев:

Өздеріңізге белгілі, бесінші мәрте Ырғызбай Досқанаұлы атындағы турнир жалғасын тауып, биыл Әлем кубогіне ұласып отыр. Бұл сайыстың ұйымдастырылуына «Казцинк», «ТМК» сынды ірі кәсіпорындар демеу білдіріп отыр. Биылдан бастап, «Казком», «Қазақтелеком», «Банк Астана» сынды компаниялар қол ұшын созып жатыр. Биылғы жылы сайысқа Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Германия, Латвия, Польша, Үндістан, Түркия, Литва, Украина, Армения, Белорусь, Өзбекстан, Чехия, Иран, Зимбабве сынды мемлекеттің балуандары келе жатыр. Биылғы Әлем кубогіне Африканың 4 мемлекетінің балуандары қатысады. Жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары.