Осы ауданға қарасты Қарасу елдімекенінде аталған індеттен 9 бас мал өлген. Осыған байланысты ауылда карантин жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті жұрттың айтуынша, белгісіз ауру елдімекенде өткен жылдың соңында тарай бастаған.
– Айдың күні аманда мал өлімі тіркелді. Өскеменнен мамандар келіп, теңкиіп жатқан төрт түліктен сынама алды. Бірі қой, бірі ірі қара асырап, жан бағып отырғанда бұл жағдай біраз абдыратты. Облыстан келген мамандардың қорытындысы сол, бұл құтырма ауруы, – деді тұрғындар.
Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Сұңғат Жұмабекұлының сөзінше, ауру тарала бастағанда вакциналау жұмыстары жүргізіліп, тиісті сынамалар алынған.
– Бастапқыда бір үйдің, кейін келесі үйдің малынан анықталды. Өлген түліктің саны тоғызға жеткенде, елдімекен карантинге жабылды, – деді ол.
Ауылдастардың сөзінше, соңғы бір аптада аурудың беті қайтты. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері далада жортқан аңдарға вакцина салуға ниетті. Мұның әдісін де ойластырған. Ол үшін ауруға қарсы екпе салынған еттерді түз тағылары өтетін жолдарға тастап кетеді. Жоспарға сәйкес, дайын азықты жеген олар аурудан айығатын көрінеді.
– Ауыл жұрты әлі де малын өріске жіберіп жүр. Індетті даладан жұқтырған. Вакциналау аяқталды, 9 бас мал өлген. Сынама нәтижесіне сәйкес, ауру түлкілер төрт түлікке ауыз салған. Қазір қауіп жоқ, – деді аталған басқарма басшысының орынбасары Рамиль Сағандықов.