Тарбағатай ауданында оқшаулау орталығы болмайды – аудан әкімі

629
көрілім

Тарбағатай ауданында оқшаулау орталығы болмайды. Ақжарда жиналған халықтың алдына шыққан аудан әкімі осылай мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

- Кеше ШҚО-ның Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылының тұрғындары карантиндік орталықтың құрылуына қарсылық білдіріп, алаңға шыққан болатын. Аудан әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының «Уақытша стационар ашу туралы» бұйрығының 9 және 9.1 тармақтарының күшін жою туралы аймақ басшысының қаулысын көрсетіп, жиналған жұртшылықты сабырға шақырды, делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ауданда облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметовтің қатысуымен ауқымды түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бақытжан Какенқажыұлы әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

- Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында орналасқан Туберкулез диспансеріне қытайдан келген азаматтар карантинге жатқызылады» деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Тек қауесет, делінген хабарламада.

Сондай-ақ жиынға қатысушыларға көршілес мемлекетте тараған індеттің алдын-алуға байланысты мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мағлұмат берілді. Осы ретте аудан тұрғындары ауруханалардың жағдайы және олардың медициналық қажеттіліктермен жабдықталуы, жедел-жәрдем қызметі туралы өзекті сұрақтарды көтерді.