Келесі жылы Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жайлы ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингіде айтып өтті.
- Жаңа кешен заманауи құралдармен жабдықталады. Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде спорт кешенін көптеп салу көзделуде. Өңірдегі елді мекендерде спорттың дамуына барынша жағдай жасауымыз керек. Себебі талай тарланбоз спортшылар ауылдық жерлерден шығады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен Ақжар ауылындағы ипподром күрделі жөндеуден өткізу күн тәртібіне қойылған.
Дене шынықтыру және сауықтыру кешендері Тұғыл ауылынан бөлек, бірқатар аудандарда бой көтермек. Солардың қатарында Катонқарағай, Үржар, Бородулиха және Күршім аудандары бар.