Тарбағатай ауданында жетім қалған бес бала баспанаға мұқтаж

665
көрілім
Шартты фотосурет

«Бауырларыңды Жетімдер үйіне өткізсең… жақсы болады деді… Олай болғанын қаламаймын, бұлар әлі кішкентай ғой» дей бере Аружанның жанарынан жас ыршып кетті. Осыған дейін бәлкім, жайдары жан болған шығар, алайда қазір әлдебір ой жанын жегідей жейтіндей… оңашада өңі томсырайып тұрады. Өткен жылдың жазында пандемия пәрменін тежемей тұрғанда анасы бақиға аттанып, екі бауыры, екі сіңілісін құшағына алып қайғы жұтып, көңілі күңгірттеніп қала берген. Алайда жетімін жылатпаған қазақ бұл жолы да қамқорлығын аямады. Тарбағатай ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары қазір бес баланы бірлесе алақандарына салған.
«Балақайларға барлығы болады!»

Сәуір айының басында әлеуметтік желіде анасынан айырылып, бес баланың жалғыз қалғаны жөнінде бейнежазба тараған еді. «Киелі Тарбағатай» парақшасында Жарқын Мырзахметов есімді азамат бөлісіп, «Балапандар-ай, жыламасыншы» деп түрлі пікір білдіріліп жатты. Өзімен байланысқа шықтық, Қарасу ауылының тумасы екен. Жағдайды қысқаша айтып болып, «Харекет» қорындағылардың жан-жақты әрекетке көшіп жатқандығы айтылды. Дегенмен шалғайда жүріп, көптің қамын ойлаған қордан бұрын аудан әкімдігі мен қарасулықтардың өздері де көмекке ұмтылған. Азық-түлік, мүмкіндігінше қаржылай қолдау. Киім-кешек, дәрі-дәрмекті үйдің үлкені Аружанның өзі де сатып алып тұрады. Қаражатты қайдан алады дейсіздер ғой? Анасынан айырылып, шаңырақтың шоғы сөнгендей болса да отбасының тұңғышы бар жауапкершілікті өзі арқалаған. Ауылдағы мектепте аспаз болып, ай сайынғы нәпақасын тауып жүр. Қазір томаға тұйық, әйтсе де қамқорлыққа толы қолдарынан қаншама оқушының ауқаттануына негіз болар түрлі тағамдар әзірленеді. Мектеп директоры Манарбек Рахымбаев айтады, «Балақайлар үшін барлығы болады! Өз деңгейімізде көмектесіп жатырмыз. Оқып жатқан үш бүлдіршінге мектеп формасы мен тегін тамақ ұйымдастырылған».
Бұған шәк келтірмедік. Себебі, оған дейін хабарласқан ауыл әкімі Шалқар Муслимов та қолдан келген көмекті аяп жатпағандарын алға тартты. Тіршіліктің қара қазанын осы уақытқа дейін қайнатып келе жатқан Аружан Файзрахманова үшін ең өзектісі тұруға жарамсыз деп танылған баспананы ауыстыру.
Бос үйлердің бірі бұйырар
Артынан ерген бауыр-сіңілілеріне тарлық етпес үшін іргетасы берік үй керек-ақ.
– Бұл отбасы былтыр Алматыдан көшіп келді. Апасы мен әжесі осы ауылда тұрған болатын. Аналары көз жұмған соң  нағашы әжесінің қолына өтті. Көмек беріп жатқандар аз емес. Аружанға мектептен жұмыс табылды, бауырларына оқу-құралдары, өзге де керек-жарақтарын әперді. Ауыл болып аз-кем қаражат жинап, 40 мың теңгеге пеш салып бердік. Үш тоннадай көмір түсіріп, үйге су тарту сынды жұмыстарға қолұшын создық. Бұдан бөлек, ақжарлық бірқатар азамат қосымша қатты отын әкеліп, киім-кешектерін жеткізді, – деді Шалқар Оралбекұлы.
Жылы өлкеден қоныс аударған жанұя Шығыстың шыңылтырына тоңып, ана жылуынан айырылғалы тағы бір жаурағандары жазмыш болар. Дегенмен азаматтар қашан да қастарынан табылып жүрді. Тіпті соғым сойып бергендері бар. Ауыл әкімі «Харекет» қоры баспана алып бергелі жатыр дегеннен бейхабар екен. Анығы сол, аудан әкімі арнайы келіп, Қарасудан жібі түзу үй алып беру үшін қаражат әзірлепті. Ауыл басшысының сөзінше, бос тұрған бірнеше үй бар.
– Сәтін салса, сәуір айының 14-і күні қайырымдылық қорын өткізбекпіз. Комиссия құрылып, ақша жиналса осы отбасыға табысталмақ. Қазіргі тұрып жатқан үйлері біршама ескі, 60-шы жылдары салынған. Әжесіне айтқан едік, «осы ауылдан бір үйді таңдаңыздар, кейін ресімдейміз» деп. Таңдаған болса, баспаналы болатын күндері алыс емес, – деді әкім.
Қабақ шытқандардың қаңқу сөздері
Аружанның өзіне хабарласып көрдік. Әлдебір ақпарат айтпас бұрын, іштей күдікке ерік беріп, суыртпаласақ та сыр ашпасын топшылаған едік. Алдымен байланыс үзіліп, аздан соң дауысы анық естілді.
– Шын айтсам, бұлай «шулату» ойымда жоқ еді. Ауыл тұрғындары барынша қолдап, көмектерін беріп жатыр. Аудан, ауыл басшысы жаңа үйге арналған қаражат әзір екендігін жеткізді. Жуырда Алматы қаласына, «Харекет» бағдарламасына шақырды. Бұйырса, әжем, бауырларым-сіңілілеріммен бірге сол жаққа барамыз, – деп қысқа қайырды.
Өкініштісі сол, бүлдіршіндердің есімдерін біле алмадық. Аружан бұл жайлы айтуға көңілі соқпаған соң қазбалап сұрауды ерсі көрдік… Жүздері бал-бұл жанған кішкентайлар әпкесіне риясыз сеніп, таяуда іші мейірімге толы баспанада асыр сала ойнайтындарын алдын ала елестетті ме екен?.. Жымиған жанарларынан Аружанға деген ыстық махаббат пен ықылас төгіліп тұр. Аналары келместің кемесіне мінгенде жиырмадан асқан бойжеткен бауырларынан көз жазып қаламын ба деп жанын қоярға жер таппады. Қазір ол күндер де артта қалған. Тек туғандардың бір нанды бөлісіп жегендеріне қабақ шытқан кейбірінің «Жетімдер үйіне беру керек, бір өзі қарай алмайды» деген қаңқу сөздері сәл сағын сындырғаны рас. Алайда бауыр-сіңілілерін өзгенің қолына беру Аружанның кәперіне де келмеген.
– Ертең бұлар бір-бірлерін ұмытып кетулері мүмкін. Бір шаңырақ астында тұрып жатқанымызға да шүкір деймін. Басында балаларды алып кете ме деп қатты қорықтым, – деді ол. – Әйтеуір әжеміз қасымызда. Анамыз көзі тірісінде «Бауырлардан артық байлық жоқ. Бір-бірлеріңе қамқор болмасаңдар сендерге ешкім қарамайды» дейтін. Қиындықтар артта қалып, үлкен отбасы болып тұрғымыз келеді.
«Қарасулықтар далада қалдырмас»
Биыл қыс қатты болмады десек те, қазір тұрып жатқан баспанадан айтарлықтай суық тартты. Бөлмедегі судың беті лезде қабыршақтанатын. Ендігісі «Харекет» қорындағылар үй бере ме, әлде аудан басшылығы мұны бірінші болып жүзеге асыра ма, көп дүние уақыт еншісіне қалып отыр. Отбасы тұңғышынан кейін үшеуінің бірі алтыншы, бірі үшінші және біреуі бірінші сыныпта білім алуда. Ең кенжесі небары екі жаста. Манарбек Рахымбаевтың айтуынша, бүлдіршінді балабақшаға қабылдау жоспарда тұр. Жанға бататын сәт, «әлдене қажет пе, қандай көмек керек?» деген сауалдарға Аружан үнсіздікпен жауап қатады. Тіпті, қыстың көзі қырауда сіңілісі Арайда күртке жоқ екенін мектеп басшылығы сол кезде білді. Тықыр таянғанда ғана өтініш білдірген нәзік жанды былай күндері сырын ақтармаған. Қарасулықтар былтыр ел болып 400 мың теңгедей ақша жинап, қазіргі үйдің шатырын жөндеп көрмекке ниеттенген. Алайда осы қаражаттың өзі жеткіліксіз болыпты. Ал аудан әкімі айтқан баспана қаржысы мамыр айына қарай бөлінетін сыңайлы. Оған қоса, аудандар бөлінсе, осы жағы тағы тежеліп қалмас па екен дейді директор.
– Қарасулықтар далада қалдырмас. Бастапқыда өздерінде киім-кешек қоры болды, кейін ауылдастар атынан жиналған ақшаға жейде, шорты сынды киімдер алдық. Балалар да өсіп келеді. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы аспаз вакансиясына штат ашқалы, Аружан жұмысын жалғастырып келеді, – деді директор.
Тағдырдың айдауымен бүлдіршіндер әке махаббатын толыққанды сезіне алмаған. Жас та болса бас болған қамқор әпкесін арқау еткен балақайларға білім алуда еш кедергі жоқ. Тек баспананың бас қатырып тұрғаны болмаса, жаз айларында осы мәселені біржақты етуге уақыт жеткілікті.
«Ешкімге айтпаңыз»
Осы аралықта «Харекет» қорындағылармен байланысқа шығудың сәті түсті. Бет қатталып жатқанда реквизит нөмірін қалдырған жаннан жауап келді. Есімі Гүлмира болуы керек, парақшада солай жазылған. Атын атап өзін таныстырмады. WhatsApp желісі арқылы үй аламыз деп үміт еткен бес періштенің жуықта сүйінші хабар еститіндіктерін айтты. Лайым, солай болғай. Олардың баспана кілтін түрлі жағдайда, нақты айтсақ, әралуан тосынсый арқылы табыстайтыны түрлі басылым мен жеке парақшаларда көрсетіліп һәм жазылып жүр. Пицца қорабына салып қою, сахнаға шақырып, салтанатты түрде хабарлау, қала берді бағдарлама барысында күтпеген жерден жеткізіп жатады.
– Тарбағатай ауданы, Қарасу ауылындағы бес балаға баспана беру жағы қалай шешіледі екен? Көмектесе аласыздар ма?
– Иә, жақын арада. Сізге бейнежазбасын жіберемін.
– Бір көмек болып қалар ма деп біз де мақала дайындап жатырмыз…
– Жұма күні. Әзірге ешкімге айтпаңыз, тосынсый болады.
Қор өкілінің жазғаны осы.
Бет қатталып жатқанда
Енді аудан әкімдігі ұсынған ресми мәліметке тоқталайық. Әкім орынбасары Ерсін Ескендіровтің сөзінше, Файзрахмановтар отбасы қоныс аударып келгелі мектеп жасындағы жеткіншектерге жергілікті басшылық, білім бөлімі және ауыл мектебі тарапынан жылы киім, қыстық аяқ киім сатып алынған. Мана директор айтып өткендей, Арайға 19 мың теңгеге сырт киім сатып алынып, аудан әкімінің шыршасы кезінде Айару да күртке киді. Оқуға таптырмас құрал ноутбук табысталып, мектеп қайырымдылық қорынан алтыншы сыныпта оқитын Нұрәділге күртке бұйырды. Қарасу тұрғыны Әсет Мұқашев Файзрахмановтар жанұясына 1,5 жасар тайыншаны соғымға сойып берген. Әзірге тұрғындар бірлесе жинаған қаражат мөлшері – 251 мың теңге.
– Балалардың үшеуі Аружанның өтініші негізінде қамқорлығына берілді. Ал төртінші баланың әкесі бар болғандықтан қазіргі уақытта оны ата-ана құқығынан айыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Ерсін Қадырбекұлы.
Баспана жағына келсек, Қарасу ауылындағы тұрғын үйлердің бірін сатып алуға конкурстық ресімдеу жұмысы қолға алынған.
***
Жағдайдан хабардар болған әрбір жан Аружанның эфир арқылы жылаған сәтін көріп, жүрегіндегі шер тарқап, көзіндегі жас тыйылса дейді. Балалық шақтың бал күндері оралып, мұңлық көңілдің ынтызары басылса дейді. Біз де бүлдіршіндер тасқа тары шыққанша таршылық көрмей өтсін дегіміз келеді. «Жетім көрсең жебей жүр» деп жиі айтады. Аялы  алақанын тосқан қарасулықтар тұрғанда жеткіншектердің жабырқай қоймасы анық. Әйтсе де...әйтсе де… бастысы, баспана болып тұр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ