Тарбағатай ауданында «Жомарт Жүрек» байқауының лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көпбалалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсеткені үшін "Жыл меценаты" сыйлығымен Болат Нұрпейісов (Ақжар ауылы) марапатталды. Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясы Қайрат Сабитовке берілсе (Кіндікті ауылы), ал "Туған өлке" номинациясы бойынша Қайрат Жапаров (Қарасу ауылы) үздік деп танылды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар жобаларды, акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек көрсеткені үшін игі іс бастамашылары «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы бойынша "Байтоғас" өндірістік кооперативі (Тұғыл ауылы) марапатталды.
- Волонтерлік қызметтерге белсенді қатысып, көзге түскен жандар да елеусіз қалмады. Қазіргі күнге дейін қайырымдылық қор 1 отбасының тұрғын үйін салып беріп, 2 отбасының да тұрғын үйлерінің құрылысын аяқтап қалды. Қыркүйек айында жаңа үйлерінің кілтін табыстайды. Бірқатар тұрмысы төмен жандарға азық-түлікпен көмек көрсетіп, қол ұшын беріп үлгерген. Жас кәсіпкер Жандос Оразғалиев бастаған "Біз біргеміз" қайырымдылық қоры "Ерен еріктілік" номинациясы бойынша марапатталды, - дейді Тарбағатай ауданы әкімдігінің қызметкерлері.