Ақжар ауылының тұрғыны Нәзгүл Қабылбаева бірнеше уақыт бойы өзін жайсыз сезініп, денсулығына шағымданып жүрген. Ішінің оң жақ бөлігіндегі ауырсыну үдей берген соң, аудандық ауруханаға жүгінді.
«Пациентке қандай кесел жабысқанын анықтау үшін өз ауруханамызда, еш жерге сабылтпай, барлық тиісті зерханалық талдаулар, УДЗ жасалды. Әйелдің аналық безінде гормоналдық өскін (халық арасында -киста деп атайды) бар екені және оның көлемінің аса қауіпті үлкен екені анықталады. Оның үстіне бұл кесел бір жағында ғана емес, аналық бездің екі жағында да бар болып шықты», — деп бөлісті гинеколог дәрігер Іңкәр Мұхаметқалиқызы.
Мамандар бірден ота жасауға шешім қабылдайды. Құрамында Тарбағатай аудандық ауруханасының анестезиолог дәрігері Думан Жайлауханұлы, Зайсан қаласының акушер - гинеколог дәрігері Іңкәр Мұхаметқалиқызы, хирург Самат Кайратұлы бар дәрігерлер тобы шұғыл түрде ота жасайды. Ота барысында оң жақтан көлемі 10 см, сол жағынан 8 см болатын өскін алынып тасталды.
Мамандар ешқандай қателікке бой алдырмай екі жақтағы кистаны да байыпты түрде алып, аналық безді толықтай сақтап қала отырып, отаны сәтті аяқтады.
«Қатты уайымдап, денсаулығыма алаңдадым. Әсіресе, шұғыл ота жасаймыз деген кезде. Алайда, біздің дәрігерлер өз шеберліктерін дәлелдеп, мені аяққа тік тұрғызды. Алғысым шексіз», — деді 41-жастағы әйел.
“Бұл аурухана мамандарының біліктілігі мен жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Бүгінде науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Аудандық ауруханада ем қабылдауын жалғастыруда. Қазіргі уақытта, біздің хирургтер МӘМС аясында жоспарлы оталардың бірқатар түрілерін де сәтті жасайды. Бұл ең бастысы, аудан тұрғындарын, ем алушыларды облыс орталығына жөнелтпей, жергілікті жерде қажетті медициналық көмекті алудың көкжиегі кеңейгенін дәлелдейді. Жыл басынан бері аудандық ауруханамызда 200-ден астам ота жасалды. Олар шүғыл түрде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және жоспарлы МӘМС шеңберінде», — деп атап өтті аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбекұлы.