Тарбағатай ауданында орналасқан Ырғызбай Досханаұлының кесенесі туристік нысанға айналатын болады. Тарихи кешенге келушілердің саны жылдан жылға артып келе жатқандықтан, аудан басшылығы оларға қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев мәлімдегендей, биылғы жылдан бастап инфрақұрылымды дамыту барысы толықтай қолға алынған.
– Ырғызбай кешеніне жылына 5 мыңға жауық туристер келеді. Оның көбісі Ресейден келетін демалушылар. Туристік мекен болғандықтан, ол жерге электр, су желілерін тартып, абаттандырып, келушілерге қолайлы жағдай жасауымыз қажет, – деді Ділдәбек Оразбаев.
Кесененің абаттандырулың өзіне-ақ 200 миллион теңге қаражат бөлінбек. Жоба бойынша кесенеге апаратын жол күрделі жөндеуден өтіп, кесене маңына гүлдер отырғызылып, ішіне фонтан орнатылады. Биыл басталатын жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.