Тарбағатай ауданындағы Құйған ауылы таза ауызсумен қашан қамтылады?

7160
көрілім
Шартты фотосурет

Соңғы мақала деген олқы естілер, әзірге Құйған ауылына қатысты қорытынды ақпарат осы. Осыған дейін Тарбағатай ауданы әкімдігіне аталған елдімекенге қатысты үш сұраухат жіберіп, 12 шақырымдық жол мен клуб үйіне қатысты тұщымды жауап алған едік. Екеуінде де тұрғындар үмітінің үзілмеуіне үндегендей. Бастысы, жергілікті басшылық түйіткілдерден хабардар, ендігісі уақыт еншісінде. Ал ауылға толыққанды тартылмай жатқан таза ауызсу хақында не дейді?

«Бізді жақтыртпай қалады»

Нақтылық жетіспеді сөйлемдерде. Барлығы ықтималдық тұрғысынан. Бәлкім, дәл осы мәселеге келгенде аудан басшылығының жоғары жақтан құйылатын қаржыға тәуелді екендіктері рас та шығар. Айтуларынша, қазір құйғандықтар әр көшедегі құдықтан су ішуде. Ресми жауапта сапа жағынан еш кемшін тұсының жоқтығы, аталған су құбырына 2012 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгендігі жазылған. Ақпарат ауаны «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылішілік таза ауызсу тартудың уақыты әрі жылжи түскендігіне ауғандай. Алайда Құйған жұртшылығын осыған дейін шенеуніктердің талай мәрте істі соңына дейін апарып, қауырт тірлікті мәресіне жеткізетіндіктеріне сендіріп баққан-тұғын. Кесенің толған тұсы да осы сәт болар.

– Таудан аққан су тоған арқылы ауылға жетеді. Маңайында шаруа қожалықтарының егістігі мен шабындық жерлері бар, – деді Есболат Жақиев (аты-жөні өзгертілген). – Су тасыған кезде соны қайталап суғаруға оқталғанда, арналар ойда-жоқта кеуіп қалған. Құйған – шекара іргесіндегі ауыл. Сәл арырақ аумақта Мысық деген жер бар, мердігерлер сол жақта су бөгетінің құрылысын жоспарлаған. Құжат жағынан барлығы дұрысталып біткен-ді, енді тек қаржы бөлу мәселесі ғана қалды. Ал ауылдағылар таза ауызсуға әлі де зәру. Созбалаңға салынған соң тиісті бөлім өкілдеріне «Су бөгетінің құрылысын қайта қозғап көрмейсіздер ме, барлығы дайын тұр ғой» деп едім, ол жақтағылар «Біз айтсақ жақтыртпай қалады» деді де қойды.

«Жылда жылжыта береді»

Құйғандық азаматтың кәперіне кірмегені жергілікті атқамінерлердің мәселенің бүге-шігесін білсе де әрекет етуге еш асықпай тұрғандары. Әкімдік өзі айтып, өздері шешсе, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» әдірем қалғанына аң-таң. Округ әкімдерінің түрлі түйткілдерді ести тұра басшылыққа хабар беруге келгенде пәрмен бар да, дәрмен жоқ күйге түсетіндіктеріне көпшілік қапалы. Бәлкім, бар мәселені бағамдап, іштей ой сүзгісінен өткізген соң аудан әкімі күрделі істердің күрмеуінің шешілуіне түрткі болар ма еді? Құйғандықтардың базынасы шынымен-ақ жетпей отырған болар?..

Тұрғындардың сөзінше, ауыл маңында су айдайтын қондырғы (водокачка) орнатылған. «Таза су» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылыпты. Көше-көшеге су құбыры тартылғанымен, үйді-үйлерге ауызсу әлі жетпеді. Ал бұл «Ақбұлақ» бағдарламасының еншісінде көрінеді.

– Осыны жылда жылжыта береді, жылжыта береді. Биыл да сөйтіпті. Атауы да құлаққа жағымды бағдарламаны неліктен күні бүгінге дейін жүргізбей отыр? Құр уәдемен шөлімізді әбден қандырды. Өткен жылы ауылға ғаламтор желісі тартылып жатқанда, амалын тапқан кей тұрғындар асфальт маңындағы үйлердің ауласын қаздырып, таза ауызсуды тартып үлгерді. Көпшілік биылдан үміттеніп еді… көзден бұлбұл ұшып барады, – дейді тұрғындар.

Бес миллионнан астам қаржы бөлінді

Аудан әкімдігінің ақпаратынша, қазіргі уақытта ауылдағы су құбыры нысанын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін облыстық қазынадан 5 млн 500 мың теңге бөлініп, конкурс жарияланған. Мемлекеттік сатып алу үрдісі де өз деңгейінде жүргізілуде. Кім білсін, жауапты жұмыс келер жылға жоспарланған болар. Сұраухат жауабында аяғына жетпеген «Ақбұлақ» бағдарламасы жайлы бірде-бір сөйлем жазылмаған. Шынымен-ақ биылдан үміт жоқ сияқты. Тек «жобалық-сметалық құжаттама жасалынып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған жағдайда, құрылысқа қаржы бөлу үшін тиісті орынға бюджеттік өтінім өткізілетін болады» деген ақпар ғана алдағы екі-үш жылдың жұмысына аңдатпа жасағандай болды. Алайда мұншама уақыт төзіп отыру да тұрғындарды қажытып жіберері сөзсіз.