Абаттандырылған аулалар, жоғары жылдамдықты интернет, жөндеуден өткен тасжолдар, кешқұрым жаңа бір тіршіліктің басталғанын байқататын жарық шамдары… қай ауыл болмасын, тұрғындар үшін бар жағдай жасалғандығының бір көрінісі. Алайда дәл осы талаптарды түгел қамтыған ауыл жоқ болғанымен, әр жылы нақты бір жұмыстарды қолға алуға оқталған аудан басшыларының қадамы жоспар бойынша жұмыс атқаратындығын аңғартады. Меңзеп отырғанымыз, Тарбағатай ауылының Тұғыл ауылында орын алатын абаттандыру жұмыстары жайынд, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Стадион сырты қоршалмақ
Расымен де Зайсан көлінің іргесінде орналасқан Тұғыл ауылы «Омбы-Майқапшағай» тасжолына да таяу жатқандықтан ауылдық округтің туристік, кәсіпкерлік әлеуеті зор. Мұны байқаған тұғылдықтар да аудан басшылығына туризмді дамытуға өтініш білдірген.
– Бұл мәселені жан-жақты қарастырып, шешімін табамыз. Екіншіден, халыққа қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға жіті көңіл бөліп отырмыз, – деді аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлы. – Атап айтсақ, ауылдағы стадионды қайта жаңғыртуымыз керек. Тозығы жетіп, күрделі өзгерісті қажет етіп тұр. Осы мәселе бойынша ауыл әкімімен және аудандық спорт бөлімінің басшысымен бірлесе ақылдастық.
Мәлім болғандай, стадион заман талабына сай етіп жөнделмек. Сырты қоршалып, бір жағына жағалай тал егіліп, екінші жағында көрермендер отыратын секторлар орнатылады. Тұғылдықтар тартысқа толы сайыстар мен түрлі шараларды алаңсыз тамашалау үшін төбесі де жабық етіп жасалмақ. Серікқазы Құсайынұлы стадион ішінде тек футбол ойнап қана қоймай, күнделікті жаттығу жасап, бойжазамын деушілерге де мейілінше жағдай жасалатындығын жеткізді. Абаттандыру жұмыстарынан бөлек, тағы бір қуанышты хабарды құлағымыз шалды. Аталған стадион жанынан спорттық-сауықтыру кешені салынбақ. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, нақты жұмыстар қолға алынатындығынан хабардар болған тарбағатайлықтар аудан әкімінен жастар үшін футбол алаңдарын салу өзге ауылдарда да жалғасса деген бұйымтайларын жеткізді.
Бейіт қоршауға қаржы бөлінді
– Қарасу ауылының тұрғынымын. Ауылымызға үлкен стадион болмаса да шағын футбол алаңы қажет деп ойлаймын. Спорт десе елең етер жастарымыз да жетерлік. Ауыл ортасында бос жатқан жерлер бар, сол орындар спортты серік еткен жастардың игілігіне жараса, өзге де тұрғындар жаттықса жақсы-ақ болар еді, – дейді Руслан Нұрахмет (аты-жөні өзгертілген).
Аудан әкімі бұл мәселеге көңіл аударатындығын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Тұғылдағы Мәдениет үйі мен Ш.Уәлиханов мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Өткен жылы мектептің жылу қазандығы айырбасталып, көмір сапасына жіті мән берілген. Аудан басшысы ауыл шетіндегі бейттердің қоршау жұмыстарына да тиісті қаржы бөлген. Айтуынша, бейіт ішін мал таптап, қараусыз жатса аудан басшылығы үшін сын болмақ.
– Осы бастаманы тұрғындар да жалғап әкетіп, бейіт қоршауына қосымша атсалысады деген сенім мол. Ауызсу мәселесі шешімін тапты, ішкі көшелердің жолдарын жөндеуге де қаржы қарастырылып отыр, – деген Серікқазы Сәдуақасов алдағы уақытта Тұғылдың түр-сыйпаты да түрлене түсетінін сеніммен жеткізді.