Тарбағатай ауданының тұрғыны бажасына пышақ сұққан

529
көрілім

Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында ащы судан сілтеген бажалардың арасында ерегес шыққан. Құр сөзбен қуырдақ қуырғысы келмеген олар көп ұзамай жұдырықтаса жөнелген. Сол кезде алқымына келген ашуын ұстай алмаған ер адамдардың бірі үстел үстінде жатқан пышақты шап береді. Бұл жайлы аудандық сотта қаралған қылмыстық істің материалдарында баяндалған, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

«Біріксе думан жасайтын бажалар, бір бірін әзіл қалжыңмен жазалар» деген өлең жолдарын бәріңіз білетін шығарсыздар. Расымен де бір әулеттен қыз алған бажалардың әңгімесі бірден жарасады емес пе. Алайда арақ деген пәленің кімнің болмасын араларына от салып, ара-жігін бөлетін «қасиеті» бар. Ақсуат ауылында болған оқиға бұған бірден бір дәлел.

Кешкі уақытта жер үйдің асбөлмесінде бас қосқан Арқалық пен Еркінбек (есімдері толықтай өзгертілген) стақандарына ащы су құйып, қағыстырып отырған. Арада біраз уақыт өткенде масайып қалған екеуі сөзге келмей қалады. Ерегестің түйіні құр сөзбен тарқатылмайтынын түсінген еркектердің бірі жұдырық сілтеген. Қарсыласы да қарап қалмай төбелесе жөнеледі. Кенет зығырданы қайнаған Арқалық үстел үстінде жатқан пышақты оң қолына алып Еркінбектің ішіне сұғып жіберген. Сот-медициналық сараптама қорытындысынан мәлім болғандай, осының салдарынан жәбірленушіге ауыр дәрежедегі дене жарақаты келтіріліпті.

Тарбағатай аудандық сотында қаралған сот процесінде айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған. Сот үкімі бойынша 49 жастағы ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушыдан 50 500 теңге мөлшерінде айыппұл өндірілді. Үкім толықтай заңды күшіне енген.

Асқар ТҰМАРБЕК