Тарбағатай ауданының тұрғыны бір тоннадан астам балықты заңсыз тасымалдаған

394
көрілім

Ақпан айының ортасында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Өскемендегі Тоғас-Аязбаев көшелерінің қиылысында Тарбағатай ауданының 32 жастағы тұрғыны тізгіндеген автокөлікті тоқтатқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жүргізушінің көлігін тексеру барысында тиісті құжаттары жоқ бірнеше қап әртүрлі балық түрі анықталған. Оның айтуынша, балықты Жарма ауданынан әкеле жатты.

- Қаптарда 905 келі көксерке, 30 келі шортан, 29 келі сазан, 119 келі табан және 30 келі торта балығы бар екені анықталды. Балықтың жалпы салмағы 1 113 кг құрады. Ұсталған адамға келу міндеттемесі түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды, - деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігіне (Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.