Тарбағатай ауданының тұрғыны жалған арыз жазғаны үшін жазаға тартылды

827
көрілім

Тарбағатай ауданында 2017 жылдың 8 тамызында ер адам құқық қорғау органдарына келіп «Ақмектеп ауылының тұрғыны аяқ-қолымды байлап, қамап ұстап отырды» деп арыз жазған. Орын алған оқиғаны жіті зерттеген Тарбағатай ауданының №2 аудандық соты бұл сөздің шындыққа жанаспайтындығын анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Өз арызында шағымданушы 5 тамыз күні сағат 20.00 шамасынан, 7 тамыздың сағат 08.00-іне дейін ешқандай себепсіз, аяқ-қолы байланып, бас бостандығынан заңсыз айырылып, қамауда ұсталғандығын жеткізген. Осы негізде аудандық №2 соты ҚР ҚК-нің 126-бабының 1-бөлігімен (адамды бас бостандығынан заңсыз айыру) қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізген.

Бірақ тергеу барысында ер адамның жалған арыз жазғандығы белгілі болып, қылмыстық іс тоқтатылады. Сотта шындыққа жанаспайтын оқиға құрап арызданған азамат өз кінәсін толығымен мойындап, мәміле түріндегі процестік келісім жасауға Тарбағатай аудандық прокурорына өтініш білдірген.

Сот айыпталушыны ҚР ҚК-нің 419-бабының 2-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасады деп танып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.