«Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық паркі аумағында қандай жануарлар бар?

165
көрілім
Фотосуреттер ашық дереккөздерден

Алтай топырағы сырт көзге сүйкімді көрінер небір аң мен көгінде қанатымен қиқу салып ұшқан құстарға бай деп жиі айтылады. Бірақ мылтығының шүріппесіне сеніп, көз көрім жерден атып жіберетін браконьерлер әрекетін көріп, көңілге кірбің түсіп жататыны рас. Жуықта өңірдегі Ұлттық парктер мен қорықтарға сұраухат жіберіп, аң-құс азаймауының алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрастырған едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қанаттылар қарасы мол
Алғашқылардың бірі болып әрі толық мәлімет ұсынған – «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық (әрі қарай ұлттық парк) табиғи паркі. Ресми ақпаратқа сүйенсек, оның аумағында омыртқалы жануардың 376 түрі бар.
Мамандар мәліметінше, Ұлттық паркте еліміздің Қызыл кітабына енген омыртқалы жануардың 41 түрі кездеседі. Жолақты әбжыланнан бастап, ителгі, кәдімгі үкіге дейін бар. Ұлттық парк өкілдері Певцов құрбақасы деп атаған қосмекенді де қамтылған. Жалпы, Қызыл кітапқа енген қанаттылар қарасы көп. Айталық: орақтұмсық, қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, сұңқылдақ аққу, тарғақ, ақбас үйрек, дуадақ, безгелдек, балықшы тұйғын, жыланжегіш бүркіт, қарақұс, аққұйрықты субүркіт, дала қыраны, құмай, қарабауыр бұлдырық, ақсұңқар, қарабас өгізшағала, бидайық, лашын, сұр тырна және тағы басқасы. Көбі жыртқыш.
Сүтқоректілердің ішінде:

  1. Тянь-Шань қоңыр аюы
  2. Тас сусары
  3. Түркістан сілеусіні
  4. Қар барысы
  5. Қазақстан арқары бар.

Жыл сайын Ұлттық парк аумағында мемлекеттік инспекторлар мен аңшылықтанушы мамандар тізе қосып, жабайы жануарларды қосымша азықтандыру мақсатында биотехникалық іс-шаралар жүрзгізеді.
– Биотехнологиялық шаралар дегеніміз – жануарларға қолайлы жағдай жасап, олардың қорын көбейтуге немесе өнімділік қасиеттерін жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі. Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында аң атуға тыйым салынған, – деді «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту инженері Әсем Көбенова.
Аталған мекеме өкілдерінен «соңғы 2-3 жылда жануар мен құстар саны азайды ма, жоқ, көбейді ме?» деп сұраған едік, мамандар кесте ұсынды. Ол жерде 2022-23 жылдар салыстырылып берілген, оқырман үшін сөйлем тізбегімен жазуды жөн көрдік. Яғни, бір жыл ішінде елік (жалпы саны - 177), саны 19-ға, қарсақ (27) саны 15-ке, марал (жалпы саны - 74) бесеуге дейін қысқарды. Есесіне, парк аумағында 150 қабан, 29 бұлан, 102 қасқыр, 640 борсық, 84 аю мекен етсе, 549 ақ қоян бар. Ақ қоянға келсек, бір жылда саны екі есеге артқан.


Аң-құс атқандар айыппұл арқалайды
Сарыкүзен, құр, шіл, қырғуыл, бөдене де 2022 жылмен салыстырғанда көбейді. Кекілік пен ақ шіл ғана сәл кеміген. Ұлттық парк аумағында 42 Гималай ұлары бар. Жыртқыштарға келсек, аю мен қасқыр қарасы артты. Елік саны азайса, ақ қоян екі есе (549) көбейген.
Айта кетер жайт, Ұлттық парк учаскесінде гүл теріп, жидек-жинауға жинауға тыйым салынған.


– Жоспарға сәйкес жыл көлемінде аң санағын жүргізу барысында дрон, фототұзақ сияқты заманауи құрылғыларды пайдаланамыз. Ұлттық парк аумағында аң-құс атқан адамдар Қазақстан Республикасы ҚК-нің 337-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады. Заңсыз аңшылық үшін 36 мың 920 теңгеден 7 млн 384 мың теңге аралығында айыппұл салу қарастырылған, – деді Әсем Темірболатқызы.
Айтпақшы, кестеге зер салсақ, елік пен дала күзенінің саны азайғанын байқауға болады. Ұлттық парк қызметкерлері мұның себебін қар жамылғысының шамадан көп түсуі мен ит-құстың артуымен байланысты. Оған қоса, көктемде жаңбыр жаумай, кішігірім бұлақтар мен су қоймаларының кеуіп қалуы оларды басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр еткен көрінеді.
– Ұлттық парк құрылғалы жануарлар мен құстар саны көбеюде, ешбіріне жойылып кету қаупі төніп тұрған жоқ. Аумақтағы аң-құс саны қанағаттанарлық, – деп қорытты Әсем Көбенова.
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер ашық дереккөзден)