Мұндай ақпарат ШҚО Прокуратурасы аумағында өткен жиында ұсынылды. Ресми мәліметке сәйкес, қаржы тарту өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, энергетика және туризм салаларын қамтыды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2022 жылдың қорытындыласақ, 71 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылды. Ең ірісі Риддер қаласындағы «Риддер полиметалл» ЖШС игерген 32,6 млрд теңгенің жобасы. Қазір тәулігіне 1000 тонна өнім өндіретін автоматтандырылған май экстракциялау зауытының («Алтын Шыгыс» ЖШС) құрылысы жүріп жатыр.
– Биыл 77 млрд теңгені құрайтын және 144 жұмыс орны ашылатын сегіз жобаны қолданысқа беру жоспарланған. Оның ішінде, жылына 31 мың тоннаға дейін бройлер өндіретін (құны 30 млрд теңге) Ұлан ауданындағы «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, құны 15 млрд теңгені құрайтын май экстракциялайтын Altai Mai компаниясын ерекше атап өтуге болады, – деді ШҚО Индустриялы-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева.
Оның сөзінше, Шығыс Қазақстан – экономиканың барлық тарапы бойынша инвестициялық әлеуетті аймақ. Индустриалды секторда импорт алмастыру жағы негізгі аспектілердің бірі.
– Сәтті жобалардың бірі деп, атом электр станциясы үшін жылу бөлетін жинақ өндіретін зауыт құрылысын айтуға болады. Мүмкіндігі – жылына 200 тонна уран өндіруге жетеді. Жаңа инновациялық өнім АЭС үшін отын өндіруде Қазақстанға жаңа бағыттар көрсетпек, – деді ол.
Жауапты тұлға Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинаты ашылатынын айтты. Инвестиция көлемі – 217 млрд теңге, ал қуаттылығы жылына 25 млн тонна мыс кенін өндіруге жететін көрінеді.
Дәл осындай құрылыс Ұлан ауданында да жалғаспақ. Алдымен пайдалы қазбаның қорын анықтап, кейін жылына 4000 тонна литий карбонатын өндіру көзделген. Мұның құны – 100 млн АҚШ доллары.