Тарбағатайда өрт сөндірушілер бір отбасы мүшелерін өрттен аман алып қалды

1271
көрілім

Түтін иісін сезген Маржангүл шыға берістің есігін жұлқи ашты. Лапылдаған қызыл жалын өршіп барады екен. Үйден қашып шығар басқа жол жоқ. Тілсіз жау болса жалмап барады. Ол үйдегі алты жасар егіз қызы мен алты айлық сәбиін үйден аман алып шығудың амалын таппай, өрт сөндіру бөліміне қоңырау шалды…

Өрт жалмаған жерге қиқулатып жеткен Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Талғат Айтқалиев пен бекет жүргізушісі Олжас Өмірбеков бірінші кезекте оттың ортасында қалған ана мен балаларды құтқаруға кірісіп кетті. Мұндай қауіпті де қалыпты жағдайға әрқашан сақадай сай дайын тұратын мамандар үйдің терезесін бұзып кіруге мәжбүр болған.

Біздің бөлімше бірнеше минутта оқиға орнына келді. Үйдің кіре берісін толығымен от шарпып, қабырғалар мен төбе өртенген, сол себепті үйден есік арқылы шығу тіптен мүмкін емес болған. «Драгер» аппаратын киіп алған біз үй ішіне терезе арқылы кірдік. Алдымен алты айлық сәбиді үйден алып шықтық, сонан соң алты жасар егіз қыз бен аналарының тысқа шығуына көмектестік, – дейді Ақжар ауылдық өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі Талғат Айтқалиев. Келіншек пен балалар қатты қорқыпты. Түтін жұтып қойған және барлығының беттері ыстан күйелеш болып қалған.

Өрт сөндіруші азаматтар ең алдымен зәре құты қалмай шырылдаған кішкентай бүлдіршіндер мен анасын терезеден тысқа шығарып алып, артынша айдаһардай жалмаңдаған жалынды ауыздықтады. Бұл кезде құтқарудың екінші нөмірлі қызметі – „Жедел жәрдем” де келіп жетті. Түтін мен ысқа қақалып қалған болса да, анасы мен балалардың өміріне төнген қауіп жоқ, жағдайлары қалыпты. Сенімділік үшін кішкене сәби дәрігерлердің қарауына алынды. Бастысы – бәрі аман-есен.

Өрт электр желісіндегі ақаудан шыққан көрінеді. Үй иесі кіреберіске кір жуғыш машинаны қосып, өзі үйге кіреді. Сол екі ортада өрт шығып үлгерген.

Бізге жедел-құтқару қызметтеріне оңай жатталып, тез терілетін телефон нөмірлері берілген. Солардың ішінде өрт сөндіру қызметі «101» болып бірінші тұрғаны бекер емес шығар. Әп сәтте деміңді ыстық буға айналдыра, алқымыңнан алып, жолындағысын түгел жалмап кететін тілсіз жаудан құтқарар қызметтегі ең басты қару – жедел әрекет қой. Сол жеделділіктің арқасында, міне, тағы да адамдардың амандығына қуанып отырмыз.

Мадина ҚАЙНАРОВА

Біздің анықтама

Ақжар ауылындағы өрт сөндіру бөлімі алғаш рет 1964 жылы құрылған. Бас кезінде жетекші, жүргізуші және өрт сөндіруші ғана қызмет атқарған. Бөлім ішкі істер бөліміне бағынған және ескі милицияның ат қорасында орналасты. Бір ғана ГАЗ-51 өрт автомашинасы болған.

1968 жылы алғашқы инструктор жұмысқа қабылданып, бөлім құрылымы 10 адамға көбейді. Екі өрт машинасы беріліп, күзетте екі адам кезекшілік ете бастайды.

1978 жылы №25 кәсіпқой өрт сөндіру бөлімшесі болып құрылып, штат саны 25-ке көбейді. Баланста екі ЗиЛ-130, ЗиЛ-131, қорапты ЗиЛ-130 машинасы тіркемесімен және Т-40 тракторы болды.