29 шілде күні Тарбағатай ауданының орталығында «Туған жерге туыңды тік» атты xалықаралық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі аудан әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Айтысқа Ринат Зайытов, Жансая Мусина, Аспанбек Шұғатаев, Мухтар Ниязов, Төлеген Жаманов, Мақсат Ақанов, Әсем Ережеқызы, Қалижан Білдәшев, Рүстем Қайыртай, Шұғайып Сезімхан сияқты танымал он ақынмен қатар Қытай, Моңғолиядан азулы ақындар қатысты.
«Тура биде туған жоқ» деген сөзді басшылыққа алып, Семей қаржы-экономика академиясының президенті Н.Әпсалямов, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Е.Жаппасұлы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, танымал тележурналист, Б.Уәли, қазақтың белгілі ақыны, Қазақстанның Мәдениет қайраткері С.Қалиев және танымал ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Д.Кәпұлы сынды сарапшылар айтысқа қазылық етті.
Тартысты өткен айтыстың нәтижесі бойынша, бас жүлдегер Рүстем Қайыртайұлы – 2 млн.теңге, 1-орын Ринат Зайытов – 1 млн.теңге, 2-орын Жансая Мусина – 750 мың теңге, 3-орын Қытайдан келген Жарқынбек Бердібекұлы – 500 мың теңге иеленді. Сонымен қатар, айтыстың арнайы жүлдесі Мұхтар Ниязовқа бұйырса, Аспанбек Шұғатаевқа – 300 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. Айтыстың стипендиаттары Қалижан Білдәшев пен Шұғайып Сезімханқа бір жыл бойы 100 мың теңгеден тағайындалды.
Айта кету керек, халықаралық айтыстың бас демеушісі Тарбағатай ауданының азаматы «Тас Кредит» компаниясының бас директоры Дулат Тастекеев болды.