Талай тарланның томағасын сыпырған киелі Тарбағатай өңірінде тағы бір қуаныш. Бұл жолы бүлдіршіндерге өздерін жаңа қырынан сынап көруге тамаша мүмкіндік туып отыр. Құрылғанына бір жыл болмаса да біршама белесті бағындырып үлгерген «Тамшы» театрының мұраты айқын, мақсаты асқақ. Алдағы уақытта бұл ортадан балы тамған жас қамыстай талапты да талантты жастардың түлеп шығатынына көз жеткіздік. Ақсуат ауылында орын тепкен балғын өнерпаздар ордасына жетекшілік етіп жүрген Бейбіт Құсанбаев театр тынысы жайлы ой бөліскен еді.
Туған жердің топырағы ыстық
Зайсан қаласының тумасы Бейбіт Азатбекұлы әу баста Нұр-Сұлтан қаласында қызметте болған. «Жастар» театрында актер-режиссер болып жұмыс істеп, «Шабыт» өнер университетінде сахна қозғалысынан сабақ берген. Сол аралықта біраз шәкірт тәрбиелеп, арада көп уақыт өтпей «Тағылым Тамшылары» атты балалар театрын құрып, ел-жұртқа ұлттық құндылықтарды дәріптеген-ді.
– Қазіргі жастардың аңсары ән мен биге ауып тұрады. Көпшілігі қара сөздің қадірін білмей жатады. Осы орайда хакім Абай мен ақын, ғұлама Шәкәрім аталарымызды жандандырып, сахналап халыққа ұсындық. Имандылыққа шақырар театр болды, – дейді режиссер.
Бұл ғана емес, аталмыш мәдениет ошағы 2014 жылы ресми түрде ашылып, 2017 жылы «Тамшы» атты студия құрылған екен. Дегенмен «Туған өңіріңнен қанша шақырым ұзасаң, сонша шақырым рухани жақындайсың» дегенді жадынан шығармаған білікті режиссер көңілін кіндік қаны тамған жеріне деген сағыныш сезімі кернеген-ді. Сөйтіп жұбайы Ажар екеуі «елге оралып, қызмет етейік» деген оймен Зайсан қаласына атбасын бұрды. Бір ескере кететіні, театр жетекшісінің туған жерге келіп игі бастама көтеруіне өскелең ұрпақтың қазақи құндылықтарды ұмыт қыла бастағаны ой салып, жастардың өнер сипатын жадынан шығаруы себеп болған.
– Туып-өскен өлкеме табан тіреуіме негіз болған тағы бір себеп – ауылдан қалаға арман қуып барған бұрымдылар бен қарадомалақтарымыздың үлкен шаһарда дұрыс бағыттан ауытқи бастағанын байқадым, – дейді ол жас буынның болашағына алаңдап. – Жасыратын түгі жоқ, бәрі болмаса да біршамасы үкілеген үмітті ақтаудың орнына ата-ана көңілін күпті етіп жатады. Дәлірек айтсам, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қанатты сөздің құны түсіп кеткен.
Осындай оймен 2018 жылы Зайсан қаласының Кеңсай ауылына оралған режиссер өнер арқылы балаларды тәрбиелеп, Мәдениет үйіндегі жұмыстарды қайта қолға алмақ болған. Алайда бастапқыда жоспарлаған жұмысын жандандырудың реті келмепті. Десе де жұбайымен тізе қосып, жасөспірім балаларды өнерге баули бастаған мезетте Ақсуат ауылының Мәдениет үйінен хабарласыпты… Тағы бір ескерер дүние, Бейбіт Азатбекұлының жары Ажар Жылқыбаева да вокал жағынан жоғары білімді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының, балалар өнер мектептерінің музыка бөлімдеріне арналған «Эстрадалық вокал» пәнінің авторы. Балабақшадағы бүлдіршіндердің өзіне дауыс қоя алатындай деңгейі биік маман.
Өнерді өрлетуге жаңа мүмкіндік
Манағы хабарласқан Ақсуат ауылындағы Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева екен. Театр саласының үздігі «Туған жерге – туыңды тік» деген ниетпен еңбек етіп жүргенін естіп, шақырту жасаған-ды. Бір-екі қойылым қоюға қолқа салып, кейін жүзбе-жүз жолығуға ұсыныс білдірді. Сонымен Шәкен Мәлікқызы өнерлі отбасымен жүздесіп, бастаған ісін Ақсуат ауылындағы халық театрында жалғастыруға шақырған екен. Өткен жылдың қазан айында тізгінді Тарбағатай өңіріне бұрып, театр саласындағы қызметін лезде бастап кеткен.
– Мәдениет үйінің басшылығына балалармен жұмыс істей алатынымды жеткіздім, – дейді талай жыл сахнада жүрген азамат. – Жұбайым екеуіміз балалар студиясын ашып, біршама шәкірт жинадық. Бір қуаныштысы, Тарбағатай өңіріне белгілі ақынның шығармашылық кеші өтетіндіктен алғашқы тапсырма оның өлеңдерін халық жүрегіне жеткізу болды. Өнерге қабілеті бар жас өнерпаздармен бірлесіп, ойға алынған композицияны санаулы күн ішінде сахналап шықтық. Көрермен көңілінен шыққандай.
«Тамшы» балалар театры осылай құрылған екен. Өнер десе көңілі алып-ұшып тұрған өрендерге іріктеу жасап, Мәдениет үйінің жанынан «Тамшы» балалар театры ірге салды. Содан бері 10-ға тарта шығармашылық, үш қайырымдылық кешін өткізіп үлгерген. Қайырымдылық концертінен түскен қаражатқа ауылдағы жағдайы төмен жандарға, көпбалалы отбасыларға қыс мезгілі тақағанда көмірлерін, одан бөлек, азық-түлік алып беруге жұмсаған. Қысылғындарға көмек беруге асығатын Жандос Оразғалиев сынды ел жанашыры аталмыш шараның қолға алынуына ұйытқы болған көрінеді. Театр режиссері осы азаматпен бірлесе талай жанға демеу көрсеткен.
Талай байқауда топ жарып, аудан абыройын асырған жеткіншектер де жетерлік. Аз уақыт ішінде облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардан бас жүлдемен оралған шәкірттерін мақтанышпен тілге тиек етті. Өзбекстан елінің Ташкент шаһарында өткен сайыста «Ізгі ұрпақ» қойылымымен «Тамшы» балалар театрына бас жүлде, «Көркем сөз» аталымы бойынша Айғаным Мәліковаға бірінші орын бұйырып, бұрын-соңды болмаған белесті бағындырған. Халықаралық байқауға баруға аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлының қолдау білдіргенін айта кеткен орынды. Қазір актерлік өнерді үйреніп жүрген труппада 15 шәкірт, ал театр үйірмесінде 100-ге тарта жеткіншек өздерін жаңа қырынан тануда. Үйірмеге ең кішкентайы бес жастан бастап қатысып келеді. Театр тарланы мен вокал пәні білгірінің жұмысына жеткіншектердің ата-аналары да дән риза.
– Балам актерлік шеберлік сабағына барып жүр, – дейді Динара Бектасова. – Бейбіт Құсанбаев шәкірттерін тек актерлік тұрғыда емес, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға жіті мән береді. Қандайда да бір мәселелер туындаса ата-аналармен кеңесіп, алдын ала жоспар құрады. Балаларға тапсырма берсе, оны жүктеп қоймай қызығушылықпен орындауға негіз болады. Тіпті дені сау ұрпақ өссін деген оймен дұрыс тамақтану тәртібін де айтып жүреді.
"Тамшы" театрының жас өнерпаздары
Киностудия ашылар күн алыс емес
Мәдениет үйінің режиссері қолға алған театр болашағының жарқын боларына еш күмән келтірмейді. Айтуынша, нағыз таланттар ауылды жерден шығады. Мәдениет үйлері қаңырап, жұмыссыз тұрмаса болғаны. Бала тәрбиесіне баса мән беретін азаматтың арманы орындалмайды деу әбестік. Мәдениет үйінің қолдауы, өнердегі достары, жұбайы Ажар мен ақсуаттықтардың демеуі «Балалар киностудиясын ашсам» деген ниетіне алтынқазық болары сөзсіз. Балапан телеарнасындағы «Күлдір-бүлдір» сериалында баланың атасы рөлін сомдап шыққан жерлесіміздің кино саласында да аз-кем түйгені бар. Елге белгілі Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин сынды сахна сардарларымен де қоян-қолтық жұмыс істеген. Әзірге қысқа метражды сериал түсіруді жоспарлап отыр. Сапалы камера мен білікті оператор болса балаларға арналған туынды алдағы жылдары жарыққа шығуы әбден мүмкін. Режиссер айтқандай, басты рөлдерде балалар болмақ.
– Танымал кинофестивальдарға қатыспасам да, жергілікті балалар өздері ойнаған туындыны тамашалағанын үлкен қуаныш деп санаймын, – дейді өнерпаз. – Бала тәрбиесі ақсап тұрған қым-қуыт заманда танымдық дүниелерді кеңінен дәріптеу аса маңызды. Қазір қоғам көнеден жаңаға ауысып жатса, мен керісінше, заманауи құрылғылар мен технологиядан кейін қайтып келемін. Бұл жерде қазақи құндылықтың жойылмауына барымды салмақпын.
Одан бөлек, Бейбіт Азатбекұлынан «Театрдың атын неліктен Тамшы деп қойдыңыздар?» деп сұраған едік, «Мәдениетті алып мұхит деп алсақ, театрдағы тағылымды қойылымдарымызбен сол мәдениетке тамшыдай болса да үлес қоссақ дейміз» деп жауап қатты. Алдағы уақыттары Сәкен Жүнісовтың «Тырау, тырау тырналар» атты туындысы, үш концерттік бағдарлама көрермен назарына жол тартпақ. Ойлағаныңды ойдағыдай іске асыру үшін ауылда бар мүмкіндік бар көрінеді. Балалардың өнерге деген өресі биік, ата-аналар да қолдауын аямауда. «Бастысы ауылда көлік кептелісі жоқ» деп ойын әзілмен аяқтады театр режиссеры.
Әділхан ЕСІМХАНОВ