«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» дейді дана халқымыз. Біздің кейіпкеріміз де киелі өнерді өміріне серік етіп, өнер керуенінің көшімен бірге келеді. Бойында бір емес бірнеше таланты бар шебер Ерболат Ахаев 1969 жылы Тарбағатай ауданы Құйған ауылында дүниеге келген.
Әкеден қалған асыл мұра
- Бұл өнер бізге анамыздың сүтімен, әкеміздің қанымен тарады. Шешем өте ісмер кісі еді. Бүкіл ауылдың кестесі мен оюлы сырмағы оның сын көзінен өтетін. Әкем де сурет өнерінен кенде емес. Қолындағы қарындашы ақ параққа тиісімен өздігінен жорғалай жөнелетін. Бір таңғаларлығы, қарындашын парақтан көтерместен адам бейнесін салып шығатын. Кей кездері ағаш өнерімен де айналысатыны бар-тұғын. Ауылдағы үйлердің есік-терезелерінің көбі әкемнің шеберханасынан шыққан, - дейді Ерболат.
Жастайынан сурет салумен айналысып келген суретші бір сәтте қалай домбыра жасайтын һас шеберге айналды? Бұл сауалға кейіпкеріміз былай деп жауап берді:
- Мен жастайымнан сурет салумен айналыстым. Алғашында табиғат көрінісі мен портреттік бейнелерді жиі салатынмын. Кейіннен Алматыға оқуға кеттім. Сол жерде суретшілігімді шыңдала түсті. Осы өнер табыс көзіне айналды. Сөйтіп ағам екеуіміз бірігіп сурет сала бастадық. Уақыт өте келе Алматының ауа райы денсаулығыма жақпай, шарасыз Өскеменге қайтуға тура келді. Шығысқа келгеннен соң да сурет салуды тастамадым. Өскемендегі Жамбыл атындағы саябақта сурет салып, сатып жүрдім. Бір күні сол саябақта домбыра жасайтын Зәуір есімді бір жігітпен таныстым. Ол туындыларымды көріп, маған бірігіп жұмыс істеу жайында ұсыныс тастады. Алғашында үнемі кескіндемемен айналысқан саусақтарымның домбыра жасауға икемі келетініне күмәнмен қарадым. Келісім бермей толғанып біраз жүрдім. Бір күні сылтау да таусылды, ақыры баруға тура келді. Сөйтіп барып бірақ күнде домбыра жасауды аяқ астынан үйреніп кеттім.
Домбыраның жақсысы ағашынан
Жігіттің бойындағы жасырынып жатқан өнерді көріп, талант иесінің тамырынан басқан Зәуірдің сол кезде Ерболаттан шебер домбыра жасаушы шығатынына бек сенімді болған. Зәуір домбыра жасаса, Ерболат безендірумен айналысты. Сөйтіп, екеуі ағаш жонып, аспап жасауды мықтап қолға алды.
Шебердің айтуынша, бір домбыра жасау үшін бес түрлі ағаш қолданылады екен. Кейбір жеріне қатты ағаш, тағы бір бөлігіне жұмсақ ағаш қолданылады. Көбінесе балқарағай, шырша, қарағай, емен, қайың, үйеңкі сынды ағаштар іске жаратылады. Бір өкініштісі, табиғи байлықтың отаны болсақ та, шеберлер домбыра жасайтын материалдардың басым бөлігін көрші елдерден алатындарын жасырмады. Бұл материалдар біздің елде жоқ емес, бар. Бірақ өңдейтін өнеркәсіптің аздығы кедергі келтіретін көрінеді.
Ерболат Ахаев тек домбыра жасаумен ғана шектелген жоқ. Қобыз, шертер, дабыл, дауылпаз жасайды, сонымен қоса, қазақи астаудың да сәнін келтіре біледі.
- Астау жасағанда ағашын дұрыс таңдау керек. Жасап болғаннан кейін міндетті түрде малдың іш майы мен күнбағыс майын қыздырып астауды салу керек. Біраз уақыттан кейін оны қайта қызыл шоққа ыстасаң астау сонда ғана жарылмайды. Қазір көптеген шеберлер майға салмайды. Тез жарылып кетуінің себебі осы,- деп шебер өзінің кейбір құпиясымен бөлісті.
Бір домбыра толығымен құрастырылып болуы үшін кем дегенде 19 әрекетті қажет етеді екен. Шебер уақыттан ұту үшін бір жолда 10-15 домбырадан жасайтынын айтты. Ал жеке бір домбыраны жасауға бір жұма уақыт кететін көрінеді.
- Домбыра таңдағанда ағашына баса мән берген жөн. Әсіресе, бет тақтайына. Бет тақтайы әр жерде әртүрлі болады. Яғни шеті мен ортасының қалыңдығы ұқсамайды. Бет тақтайының қалыңдығы көбінесе 3,5-5 милиметр аралығында болады, - дейді ағаш шебері.
Шебердің қолынан шыққан домбыралардың бағасы аспандағы айды тілеп тұрған жоқ. 15 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Тапсырыстардың басым бөлігі елорда мен Алматыдан түседі. Тіпті көршілес жатқан Қытай елі де Ерболаттың домбырасына қызығушылық танытыпты. Қытайда шебердің домбыраларына сұраныс артып, Ерболаттың домбыраларын өздеріне алдырып отырған. Тек бүгін ғана әуелеген әуезді ән мен күмбірлеген күйдің құдыретінен тіксінген қытай елі Қазақстаннан баратын домбыра керуенінің көшіне бұйда салып отыр.
Шеберлігінің арқасында Ерболаттың бүгінге дейінгі бағындырған белестері аз емес. Елімізде өткен талайлаған дүбірлі додаларда қанжығасы майланып қайтты. «EXPO 2017» қолөнершілер байқауында үшінші орынды иеленді. Ұлы отан соғысының 70 жылдығына арналған және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған додада 1 орынды қанжығалады. Тіпті Ерболаттың еңбегі «Ұлы даланың әуезді әуендері» атты жинаққа да енген. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Шығыстан естелік ретінде бір домбырасын тарту етті.
- Тағы да бір жолы түсіп Елбасы Шығысқа келгенде мен жасаған домбыраларымды алдыртты. Қос домбыра да, сөз жоқ, жақсы жасалған еді. Кезек-кезек шертіп, сынап біраз уақыт тұрды. Соңында біреуін таңдап бірнеше күйдің басын қайырды. Ол домбырам да Елбасыға қатты ұнады. Кетерінде сол домбыраны сыйға тарттық, - деп шебер болған жайтты еске алды.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демей ме бабаларымыз. Шебер бүгінгі өзінің ізбасары үлкен ұлына дән риза.
- Үлкен ұлым суретті өте жақсы салады. Сызған суреттерінен қатып қалған қағидалардан көрі еркіндікті көремін, шығармашылық талпынысы өзгеше. Оның жасында мен ондай сурет сала алмаған едім, - дейді ол
Әрине, Атадан қалған мұраға мұрагер болар ұл туса, әке үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
Біздің анықтама
Ерболат Ахаевтың домбыраларына тапсырыс бергілеріңіз келсе - 8(702)-704-74-44 телефон нөміріне хабарлассаңыз болады.
Таунар ҚАЙРАТ