Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы «Бабалар сазы» этно тобы Ұлыстың ұлы күніне орай Иран елінде бірнеше концерт берді. Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттайтын ансамбль мүшелері талғампаз ирандықтардың құлақ құрышын қандырып, ерекше әсер сыйлады. Газет тілшісі Ақсуат Мәдениет үйінің директоры, ансамбль жетекшісі Шәкен Көпшікбаевамен әңгімелесіп, 22-28 наурыз аралығында өткен концерттік сапарлары жайлы сұрап білген еді.
«Бабалар сазы» этно тобы Тарбағатай ауданы Ақсуат Мәдениет үйінде 2014 жылы құрылған. Ансамбльдің басты мақсаты – қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық көне аспаптарын қайта жаңғырту. 2015 жылы ансамбль Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық этнофольклоршылар байқауына қатысып, өзінің қайталанбас мәнерімен көптің құрметіне бөленген. Ансамбль өнерпаздары шертпелі аспаптарда, жетіген, шертер, үш ішекті домбырада, шіңкілдек, соқпалы аспаптарда, дауылпаз, асатаяқ, шаңқобыз, сазсырнайда ойнайды.
– Иран елінде шығыс халықтарына ортақ Наурыз мерекесіне ерекше мән береді екен, – дейді Шәкен Көпшікбаева, – Жыл сайын түрлі ұлт өкілдері арасында фестивальдар өткізіп, өнер мен рухани құндылық арқылы байланыс орнатып отырады. Биыл бізден бөлек Түркіменстан, Ауғанстан елдерінен халық өнерпаздары шақырту алған екен. Іріктеуден өткен соң қолдау білдірген Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев жолға қажетті шығындарды толықтай өтеп берді. Фестивальға іріктеу барысында ұжымның аудио-бейне материалдарын жібердік. Бізден басқа Қазақстаннан ондаған өнер ұжымы өз туындыларын жолдапты. Ирандық қазылар алқасынан бірнеше талабы болды: өнерпаздар киімдерінің ашық-шашық болмауына, фонограмманың жоқтығына өте қатты мән береді. Сол себептен таңдау бізге түскен секілді.
Ансамбль құрамында алты адам бар. Атап айтқанда, этно топтың көркемдік жетекшісі Қанат Әбуғазин Құрманғазы атындағы консерваторияда жыл сайын шеберлігін шыңдап келеді екен. Ал Еламан Құжыманов – ансамбльдің әншісі. Екіншіден, ол домбырада, асатаяқта, шаңқобызда ойнайды. Топ өнерпаздарының әрқайсысы бірнеше аспапты меңгерген. Ғалымбек Ахметов құс сайрауық, сазсырнай, даңғарада, шаңқобызда ойнап, ән шырқаса, Айжан Тілеуленова жетекші домбырашы ретінде күйшілігімен көпті таңқалдырып келеді. Сандуғаш Орынбекова жетігеннің, Ләззат Найманғазықызы қылқобыздың шебері.
– Ирандықтарға арнап арнайы репертуарымызды дайындадық, – дейді Шәкен Мәлікқызы, – Нақтырақ айтқанда, Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» толғауын Еламан Құжыманов орындады. Одан кейін Алмас Ақатұлының «Домбыра» деген шығармасы бар. Оны да Еламан паш етті. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйлері мен Алтай-Тарбағатай мектебіне тән «Халық күйі» атанып кеткен «Бұлғын-сусарды» орындадық. «Тарбағатай – Тәңіртау» деген шығармасы да көптің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Тегеран қаласының тұрғындарына қазақтың төл аспаптарымен өнер көрсеткен «Бабалар сазы» этно тобы 22-28 наурыз аралығында Меллят, Шапақ атты мәдениет үйлерінде, Ғасыр мұражай бағында концерт беріпті. Ансамбльдің өнерін тамашалаған дүйім жұрт оларға алғыстарын білдіріп, ыстық ықыластарын танытқан.
– Жалпы кез-келген өнерді, соның ішінде ұлттық фольклор өнерін ауыл тұрғындары мен қала халқының қабылдауы әртүрлі болады. Соған қарамастан Тегеран көрермені қазақтың әуенін өте жақсы қабылдады. Біз көбіне орталықтарда, саябақтарда концерт қойдық. Сондықтан, аудиториямыз көбіне қала көрермені болды. Олардың қызығушылығы өте жоғары екенін сезіндік. Қарапайым ирандықтар тарапынан қазақ музыкасы ғана емес, еліміз туралы көптеген сұрақтар қойылып жатты. Ежелгі сақ мәдениетінің Шілікті қорғанынан табылған Алтын адам туралы да әңгіме айтылды. Жергілікті әкімшілік бізге Тегеран оркестрінің дирижері, белгілі музыкант Сабыр Жапариді бекіткен болатын. Сол кісінің үлкен жәрдемі бізге тиді. Байқағаным, ирандықтар өз тарихын қатты құрметтейтін ел екен. 9 ғасырдағы Кабуснаманы жазған Кабустің,13 ғасырдағы Илханидтер әулетінің «Сұлтан ие» мешіті,16 ғасырдағы Исфахан қаласындағы Махияр, Шелсутун мазары, Шыңғыс ханның соңғы жорығы кезіндегі мазар макеттері түгел қайта жасалып бақтарда тұр. Тегеран түгелімен гүлге оранған, гипаристері, пальма, не секілді мәжнүн талдары жайқалған жасыл қала екен. Иран расында біз кітаптан оқыған «Иранның бағындай» деген теңеуге тұрарлық ел! – дейді Шәкен Көпшікбаева.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ