Ақжар ауылының тумасы шешуші сында АҚШ өкілі Джаксен Форрестті ұтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жерлесіміз ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Жүріп өткен жолы оңайға соқпады. Алдымен 1/8 финалда Арен Серобянды 7:2 есебімен қапы қалдырды. Ширек финалда Өзбекстанның үздігі Хусанбой Усмоновты тізе бүктірді. Белдесу қарқыны бір сәтке де тоқтамаған, десе де жылдамдығын жоғалтпай, сауатты қорғана жүріп белдескен Дарын 10:4 есебімен айқын ұтты.
Тағы бір бозкілемде америкалық Джаксен Форрест қырғыз спортшысы Залкарбек Табалдиевтен басым түскен. Әрі қарай Джаксен Үндістанның үмітін арқалаған Ваибхав Нараянды тоқтатса, жерлесіміз неміс палуаны Янис Ребольцты 6:3 есебімен жеңді. Сөйтіп, жолындағысын бірінен соң бірі ығыстырған еркін күрес спортшылары финалда жолықты.
Алтын үшін "айқас" алауы алғашқы секундтардан-ақ басталды. Тіпті бір сәтте есеп 6:0 болып, қарсылас жаққа ауып тұрды. Сәлден соң 7:2 болды. Сосын Дарын 4 ұпайға бағаланған жамбас әдісін жасап, 7:6-ға жеткізді. Іле артына шығып үлгерген Форрест 8-ші ұпайын алды. Кездесудің аяқталуына 14 секунд қалғанда ақжарлық палуан тағы бір жамбас тәсілін жасап, қайта алға озды. Осы кезде америкалық бапкерлер бейнеқайталауға жүгінген болулары керек, аз уақыттан соң шығысқазақстандық спортшы 11-ші ұпайға ие болды. Ал 4 секунд қалғанда Джаксен екі ұпай алып, финалдық белдесу 11:10 есебімен Дарынның пайдасына шешілді. Тарбағатайлық палуан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанды!
Әділхан ЕСІМХАНОВ