Тарбағатайлық қаламгер Бақыт Ихсанұлының шығармашалық кеші өтті

306
көрілім

А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ақын, журналист Бақыт Ихсанұлының «Қарымды журналист, сыршыл ақын» атты шығармашалық кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бақыт Ихсанұлы 1934 жылы 31-ші мамырда Тарбағатай ауданының Бозша ауылында дүниеге келіп, 2016 жылы 31-ші тамызда 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнаған қаламгер 1954 жылы Зайсан қаласындағы педучилищені, ал 1964 жылы С.Киров атындағы, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң 1965-1985 жылдар аралығында облыс баспасөзінің қарашаңырағына айналған «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінің Тарбағатай ауданындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқара жүріп, сол өңірдің жылнамасын, шежіресін жазды. Замандастары, жасампаз еңбек адамдары жайлы қалам тартып, очерктерін оқырман қауым жылы қабылдады. Одан кейінгі жылдары сол кездегі аудандық «Ленин туы», қазіргі «Тарбағатай нұры» газетінде редактордың орынбасары болып еселі еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. 
Журналистік жауапты жұмыспен қоса өлеңді де өндіре жазды. Зейнеткерлікке шықса да қаламын тастамай, «Тамырым менің тереңде», «Ұйқым келмейді», «Сырымды айтам», «Жырла, жүрек – сырласым», «Қанатты жылдар», «Таңдамалы» жыр жинақтарын шығарды. 

                                                                                                                           
Ақынның кешіне әріптестері, жерлестері, туған-туыстары, өнердегі жанкүйерлері қатысты. Шарада ақынның өлеңдері оқылып, әріптестері естелік, лебіздерімен бөлісті.
- Бәкеңмен біраз жыл әріптес болдық. Әр ісі тиянақты, жауапкершілігі мол еді. Салиқалы, сапалы жазатын. Қойын дәптерінде аудандағы әр шаруашылық туралы мәлімет жүретін. Оның куәлігі - өлең-жырлары, байлығы - өлеңдері мен балалары, - дейді ШҚО "Дидар" газетінің бас редакторы болған ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов.
Қаламгер Бақыт Ихсанов аяулы жары Кәмеш Сағатқызымен 60 жыл отасып, Тарбағатай ауданындағы үлгілі, көпбалалы отбасы болды. 10 ұл, 5 қызынан тараған ұрпақтары бүгінде білім беру, құқық қорғау салаларының үздік қызметкерлері. Әулеттің бес бірдей баласы мектепті медальмен бітірген. Екі немересі Жапония, Польша елдерінде жоғары білім алуда. 
Әкесінің жолын жалғастырып, шығармашылықпен айналысып жүрген балалары да бар. Қызы Айжанат «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі», облыстық «Дидар» газетінде 23 жыл бойы қаламы қарымды журналист болып қызмет етіп келеді. 
Гүлжанат республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің редакторы, "Сезім күнделігі" кітабының авторы,  Нұржанат ақын, «Жалғасы әке жырының» кітабының авторы болса, жиені Зарина республикалық "Информбюро" сайтында жемісті еңбек етіп жүр.
- Бақыт Ихсанұлы өте еңбекқор еді. Ол кезде газет аптасына 5 рет шығады. Тапсырма да көп-тұғын. Қызметті абыроймен атқара білді. Үнемі шабыт толқынында жүретін Бақыт ағамыздың лирикасы тас бұлақтың суындай мөлдір. Толғауларында толағай ойлар жатады. Оның өлеңінің өзегі – өмір. Шынайы өмірді жүрекпен жырлайды. Сондықтан да ақынның шығармаларын жыр сүйер қауым жылы қабылдайды, - деді «Дидар» газетінің бұрынғы бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев