Тарбағатайлық Нұргүл Мұқанова «2019 жылдың үздік педагогі» республикалық байқауында топ жарды

3279
көрілім

«Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің уақытын аялау» дегенді данышпандар қапысыз айтқан. Жұмыс уақыты мәресіне жетсе де қағазбастылықтан «қажыдым» деп сылбырлық танытпаған оқытушылардың жүріп өткен жолын жеңіл деу әбестік. Табандылық танытып, жылдар бойы жинаған тәжірибесін сынап көру үшін түрлі байқауларда бақ сынайды. Жуырда елордада жылдың үздік ұстаздары марапатталды. Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының тумасы Нұргүл Мұқанова талайды таңқалдырып, бастауыш сынып мұғалімі санатында үздік шықты. Жетістігімен жерлестерінің бөркін аспанға атуына себепкер болған білікті ұстазбен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.

Ұстаздар әулетінің әсері

Жерлесіміз қазір Семей қаласында Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның бастауыш сынып мұғалімі қызметінде. Осынау білім ордасында жүріп өзіндік сабақ беру жүйесін, оңтайлы әдістерін қалыптастырған. Дегенмен ұстаздың жүріп өткен жолына да бір сәт көз жүгірткен жөн шығар. Орта білімді Ақсуат атындағы орта мектепте (қазіргі Кәрім Нұрбековтың есімі берілген) жүріп алды. Нақтырақ айтсақ, ол жерде сегізінші сыныпқа дейін оқып, әрі қарай 1986 жылы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжіне түскен. Араға төрт жыл салып, колледжді қызыл дипломмен аяқтаған Нұргүл Құлжағазықызы туған жерге туын тігіп, бірнеше жыл сонда қызмет етті. Бұдан соң аудандық оқу бөлімінің әдіскері ретінде әралуан мектептерді аралай жүріп тәжірибесі де толыса түсті.

– Туған жерге мансап қуып, болмаса тексеріс жүргізу мақсатында емес, біліктілігімді арттырып, шеберлігімді шыңдау үшін барған едім. Ұстаздық – ұлы іс. Болдым, толдым деп алдыңа келгенмен шектелу алысқа апармайды. Алдағы жүйелі жұмыстарға алғышарт ретінде түрлі ортаға түсіп, қарым-қатынасқа түсу едәуір азық, – дейді Нұргүл Мұқанова.

Білімі бір басына жететін байсалды жанның ұстаздық өтілі – 30 жылға жуық. Санға мән бергеннің өзінде жерлесіміздің ұстаздық жолды таңдауы тегін еместігінің аңғаруға болады. Одан бөлек, нағашы атасы Кәрім Мұқышов Ақсуат ауылының іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан көзі ашық көреген жан болған екен. «Қыздарым өмірін оқыту жолына арнаса екен» деген асқақ арманы түрткі болса керек. Нұргүл Құлжағазықызының алдында анасы, нағашы әпкелері арманды ақиқатқа айналдырса, енді сол сара жолды өзі жалғап келеді. Ол ол ма, Нұргүл Мұқанованың әпкелері де ұстаздық жолды таңдаған екен. Қуаныштысы сол, анасы Сәуле Кәрімқызы қазір еліміздің үздік педагогі атанған қызымен бірге тұрып жатыр. Жасы сексеннің бесеуінде. Кезінде химия-биология пәні бойынша «Қазақ КСР-нің оқу үздігі» атанған екен. Кейіпкеріміздің соншама жыл бастауыш сыныпқа сабақ беріп жүргендегі жауапкершілік жүгі жайлы пікірі де қызықты еді.

– «Кейде өз-өзіме мен неліктен балаларға білім беруге асықпын, мені оларға не тартады?» деген сауал қоямын, – дейді Нұргүл Мұқанова. – Оған жауабым әзір сияқты. Балалармен жұмыс істесем жан рахатын сезінемін. Мұның алдында бірқатар мекемелер жұмысқа шақырғанымен, алыстан «мен мұндалап» тұратын сыныбымды, көздері жәудіреген шәкірттерімді қимаймын. Себебі олардың қылықтары мен үшін ыстық әрі жаныма жақын.

Жетістіктері жетіп артылады

«Жауапкершілігі мол жұмыста жүріп қандай жетістіктерге жеттіңіз?» деп қойған сауалымызға ойын жинақтап, жіпке тізіп айта бастады. Расымен де, бағындырған белестері біршама. Соның бірі де бірегей – еліміздің Білім және ғылым министрлігі жылдың үздік педагогін анықтау мақсатында өткізген республикалық байқау. Бұл бәсекенің өзі бірнеше кезеңнен тұрады және түрлі талаптар негізінде өткізіледі. Жерлесіміз алдымен қалалық, облыстық кезеңдерде бас жүлдені қанжығалап, көз майын тауысып жазған еңбегін кейін республикалық кезеңге жіберген. Қандай талаптар десеңіздер, оны ішіне өзінің, оқушыларының жеткен жетістіктері, ұстаздың білім беру ісін өркендетуге қосқан үлесі, сондай-ақ жүргізген сабақтар бейнежазбаларын жан-жақты саралау. Жылдап жинаған тәжірибесі мен табанды еңбегі екі жақтап шешуші кезеңде топтан суырылып шығуға себепші болған. Бұдан бөлек, еліміздің Білім және ғылым министрлігі атынан Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісін алған. Оның алдында бірнеше жыл қатарынан бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы олимпиадада алдына қара салмады. Жүлделі орындармен қатар құраған әдістемелік құралдары да шәкірт қалыптастыруда бағдаршам іспетті. Айтуынша, оқушыға көмекші құралдар жазудағы мақсат – қазіргі оқулықтарда кездесетін артық ақпараттарды іріктеп, керегін таңдап бере білу.

Үштікодақ аталатын жаңа жүйе

Нұргүл Құлжағазықызын өзге ұстаздардан айрықшалайтын тағы бірі қыры – «Ұстаз-шәкірт-ата-ана» деп аталатын үштікодақпен жұмыс істеуі. Яғни аналармен, әкелермен жекелей жиындар, тренингтер өткізіп, кейін ортақ жоспар құрылмақ. Айтуынша, аналар мен әкелер кейде жиналыстарға жарысып келіп жатады. Неліктен десеңіздер, әрбір жолығу – арнайы тренинг, пікірталас, дәріспен пара-пар. Бұл ғана емес, ұстаз бен ата-аналар қайырымдылық шараларына да білек түре атсалысуда. «Мұндай игі бастамаларды көріп өскен баланың көкжиегі де кеңейеді», – дейді бірегей ұстаз. Бұдан соң ата-аналар тарапының ұстаздарға деген құрметі де артқан. Үстіміздегі жылы күшіне енгелі тұрған «Педагог мәртебесі» туралы Заңның қабылдануы бұл сөзімізге салмақты дәлел.

– Еуропашыл Мағжан Жұмабаев атамыз «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын – ұстаздыкі» деуі оқытушылық қызметтің сол төрге жетіп келе жатқандығының бір көрінісі, – деп Нұргүл Құлжағазықызы ойын қорытындылады.

Тарбағатай ауданынан шыққан үздік педагогтың мақсатшылдығы да бір төбе. Ойға алған арманы – сәті түссе өзінің жеке мектебін ашу. Сондай-ақ бірнеше жобаның іске асырылатынын да жасырмады. Әрине бұл уақыт еншісінде. Өмірлік қосағы Нұрдария мен ұлы Арман екі жақтап бұл ойдың да жүзеге асырылуына себепші болары сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ