Тарбағатайлық палуан ел чемпионаты жайлы ой бөлісті

524
көрілім

Өскеменде өткен еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында алғаш рет бақ сынаған тарбағатайлық палуан белдесуімен талайды таңырқатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осыған дейін жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қоласын иеленген Олжас Олжақанов (65 келі) 23 жастар арасында алғаш рет сынға түсті. Бір айта кетерлігі, Олжас 2002 жылы өмірге келген спортшы, сайыстағы ең жас қатысушылардың бірі саналды. Алғашқы белдесуінде-ақ қарағандылық Асылжан Тоқтаржанұлын 10:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Жартылай финалға дейін аса сенімді белдескен жерлесіміз бесінші белдесуінде жамбылдық Диас Талғатұлымен жолықты. Екеуі де алма-кезек шабуылдап, 1 ұпай алу үшін барын салды. Әйтсе де 3:2 есебін белдесу соңына дейін сақтай білген Олжас шешуші сынға жолдама алды. Бапкерлер де дән риза. Алайда алтын медаль алудың сәті түспеді. Бұл ретте атыраулық Сырбаз Талғатпен өткен белдесу қиынға түсіп, жерлесіміз ұпай санымен есе жіберді.

Дегенмен жастар арасында алғашқы маңызды жүлдесіне ие болды.

– Әр белдесуім шиеленісті өтті. Барлығы алты белдесу өткіздім. Осы жарысқа дайындығым да ойдағыдай болды. Дегенмен финалдағы қарсыласымнан айламды асыра алмадым. Не десек те тәжірибесі толысқан спортшы. Тыңғылықты әзірліктер жүргізіп, кеткен қателіктермен жұмыс істеймін, – дейді Олжас.

Айта кетейік, Ақжар ауылының тумасы шешуші сында жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегеріне ұпай санымен жол беріп, өзін үздік қырынан көрсетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ