Тарбағатай ауданының тумасы Ілияс Ерболатов жуырда өткен Халықаралық жарыс нәтижесінде Спорт шебері нормативін орындады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Түркістан қаласында Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымовты еске алуға арналған жастар арасындағы Халықаралық сайыс өтті. Тәжірибелі жаттықтырушы Роллан Көксегенов баптайтын тарбағатайлық Ілияс Ерболатов 70 келіге дейінгі дәрежеде қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Мұндай нәтиже Ақжар ауылының тумасына Спорт шебері атануға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, тағы үш палуан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтсақ, Нұрсұлтан Серік (61 келіге дейін) күміс және Жеңіс Қаныбеков (74 келіге дейін) пен Нұрдәулет Бекенов (92 келіге дейін) қола медальға қол жеткізді. Ал қыздардан Малика Төребекова 76 келіге дейінгі дәрежеде үздік үштікті қорытындылады.
– Шәкіртім XXV Халықаралық жарыста Алланың қалауымен топ жарды. Енді осымен тоқталмай, болашақта Азия, Әлем және Олимпиада ойындарына жеңімпаз болуына тілектеспіз, – деді бапкері Роллан Көксегенов.
Естеріңізде болса, осыған дейін Ілиястың ағасы Олжас Олжақанов та Спорт шебері атанып, ересектер арасында жүлде алуға қауқарлы екендігін байқатқан-тұғын.
Әділхан ЕСІМХАНОВ