Тарбағатайлық палуан «Спорт шебері» атанды

11408
көрілім
Фотосурет сайт редакциясынан

Осыған дейін құрлықтық, елішілік додаларда атой салған жерлесімізге жуырда «Спорт шебері» атағы берілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шәкіртінің бұл жетістігі жайлы бапкері Роллан Көксегенов әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын. Олжастың бұл нормативті орындап, еңбегі ескерілгені қай тұрғыдан алсақ та орынды. Иә, өңір көлемінде болашағынан зор үміт күттіретін еркін күрес шеберлері аз емес. Әйтсе де әр белдесуінде кіл мықтылар мен өзінен ересек қарсыластарын қапы қалдырып келе жатқан ақжарлық өреннің аяқ алысы талай күрес мамандарының оң бағасына ие болып келеді.
– Олжастың былтыр ересектер арасындағы ел чемпионатындағы қола жүлде иеленгені айтарлықтай жоғары нәтиже. Әлі бірнеше маңызды жарыстар күтіп тұр. Сәтін салса алдағы болатын жастар арасындағы Әлем чемпионатында жүлде алып, ел қоржынына медаль салса деген үмітіміз бар, – деді Роллан Көксегенов.


Естеріңізде болса, Олжас 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында қола медаль, былтыр 23 жасқа дейінгі ел чемпионатында күміс және жоғарыда айтқанымыздай, ересектер арасындағы ел чемпионатында үздік үштіктен көрінген. Бұл нәтиженің барлығын тарбағатайлық палуан 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде көрсетті.

Әділхан ЕСІМХАНОВ