Тарбағатайлық палуандар Нью-Йоркте жүлдегер атанды

25215
көрілім
Фотосуреттер sport_vko парақшасынан алынды

Тарбағатайлық қос палуан АҚШ жерінде жүлдегер атанды. Негізі оқу-жаттығу жиынына барған болатын, дегенмен сол жақтағы дәстүрлі жарысқа да қатысып үлгерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұзын-ырғасы 10-нан астам спортшы барған-тұғын. Сәуір айының 7-сі күні жол тартқан еркін күрестен жастар құрамасы бұл күндері бозкілемде тер төгіп, өзге мемлекеттерден келген палуандармен тәжірибе алмасуда. Жаттығумен қатар жарыстың өткізілуі әзірлікті күшейте түспесе, спортшыларды босаңсыта қоймасы анық.
– Өткен Олимпиада ойындарында америкалықтар айды аспанға шығарды. Сондықтан ол жақтағы күрес мектебі қазір қарыштап тұр. Жастарымызға жаңа тәжірибе алуға тамаша мүмкіндік, – деді Бекман Рахат есімді желі қолданушысы.
Қысқаша айтпағымыз, Нью-Йоркте өткен «Journeymen World classic 2022» халықаралық турнирі жайлы. Аталған сайысқа Роллан Көксегенов жаттықтыратын екі спортшы қатысты. Тарбағатай ауданының тумалары, ағайынды Ілияс Ерболатов пен Олжас Олжақанов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Соңғы жылдары екеуі де елішілік сайыстарда тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Атап өтерлігі сол, АҚШ бозкілемінде Олжас күміс, Ілияс қола медальға ие болды!
Шәкірттерінің басы-қасында жүрген бапкермен байланысқа шыққанымызда жаттығу қызу өтіп жатқанын жеткізді.
– Палуандарымыз Германия, Израиль, Мажарстан және кілем қожайындарымен күресті. Жастар арасында тартысты сайыс өтті. Өзге елден келген спортшылар да аянып қалмады, – деді Роллан Көксегенов.
Жалпы, еліміздің жастар құрамасы аталған оқу-жаттығу жиынынан сәуір айының 15-і күні оралмақ.