«Атым тарихта қалсын десең жаңалық аш» депті бір белсенді көгілдір экран ар жағында сұхбат беріп отырып. Мұның астарында бірнеше аспекті жатса да айтқанын орынсыз дей алмаймыз. Дегенмен бұл сөз әлі айтылмай тұрып-ақ алғашқы ұшақ жасаған жерлесіміз Серікқазы Қайырлыұлы екіншісін құрастырудың қамына кіріскен-тұғын. Иә, иә кәдімгі ұшақ. Бұл жолғы кейіпкермен тіптен кездейсоқ ұшырастық. Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы тумасының Тәуелсіз Қазақстанға екі жылда екі ұшақ жасап тарту еткенін естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Сол ұшақтар қазір қайда?
Еңбекке ерте араласып есейді
Ойды тағы бір ой түртіп оятады. Серікқазы Қайырлыұлының ұшақ жасау идеясы іште жатқан өр мінездің санасына әмір беріп, көкіректе ұялаған намыстың қамшылауынан туындаған. Әуе кемесін жасаған жанның таксист болып нәпақа тауып жүргенін естігенде оқиға негізі неден басталсын деген сауалдар бұрқ ете қалды. Тарихтан да белгілі, жігері құм болған батырдың атойлап алға ұмтылуы неғайбыл. Десе де бұл жөнінде сәл кейінірек. Қазір жаңа ғасырды ТМД көлемін елең еткізерлік жаңалықпен бастаған жерлесіміздің бұл қадамға баруына дейінгі аралықты қамтымақпыз.
– «Ұшақ жасайтындай қаражатты қайдан алды бұл?» деп сұрағанда жасөспірім шағымнан жұмыс істегенімді айтамын. Туып-өскен жерім бұрын Приозерный деп аталды. Сонда арақтың жәшіктерін шегелейміз. Он алты жастамын. Өзгелер бір айлық алса, маған үш айлықтың ақшасы тиетін. Олар кешкі сағат 17:00-де қайтса, мен төрт-бес сағат кеш шығып жүрдім. Демалыс күндері де тынығуды құп көрмей, еңбекке араластым, – деді ол.
Серікқазы Қайырлыұлы
Осы жақта орта мектепті бітіріп Өскеменге барды. Алдымен ДОСААФ-та (әскер шақырылатындарды дайындайтын қоғамдық ұйым) староста болды. Сосын Украина (Стратегиялық мақсаттағы ракеталық әскер) жерінде кеңес әскері қатарын толықтырып, өмірдің жаңа бір белесін бағындырды. Табиғатынан алғырлығы мен қайтпас мінезі жат жерде әркім кеп киліккенде де тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетірмеді.
– Жас күнімде шәлкес мінез көрсетіп, бұзық болғаным рас. Бірақ адам бұзық болғысы келмейді ғой, бұзық қылады. Бірде бұйрық шықпай тұрып барлығымызды жинап алды Мән беріп қарасам алдымда тұрғандар жас жігіттер, қолдарында қағаздары бар, – деді кейіпкеріміз әңгімесін тарқатып.
Сөйтсе КГБ-ның адамдары екен. Әскери борышын өтеп болғандардан адам таңдап, Мәскеуге оқуға әкетуге бекінген. Тұғыл топырағында туып талай бұралаңды көріп ысылған жігіт ақыл құсын аз-кем әуелетіп, ұсыныстан бас тартты. Сөз арасында Мәскеуден келген меймандардың адам әлеуетін алыстан танитын «көрегенділіктеріне» таңырқады. Серікқазы Қайырлыұлы ұсынысқа «жоқ» дегеніне де еш өкінбейді. «Қайта олар қазақтың қара топырағы маған бақ боларын білмейді ғой» дескен іштей.
Ажал аранын ашқан сәт
1985-87 жылдарды өткеріп, Өскеменге ат көлігі аман оралды. Ендігісі күнкөрістің қамы. Әлі жиырманың бесеуін де толтырмаған, қандай жұмыс болса да тақиясына тар келмесін түйсінді. Әр ұйымның есігін қағып жүріп «КЭМОНТ» мекемесіне тоқталды. Тапсырмаға келгенде тап-тұйнақтай тұғылдық азамат қандай қауіпке бара жатқандығынан бейхабар-тын. Ресей мен Қытай шаһарларын аралап, Шығыс топырағына электр жабдықтарды тұңғыш әкелген де жерлесіміз. 90-шы жылдары жер-жерде суық қару асынған жырынды жігіттер «жортып» жүргенде бөгде ел тұрмақ, өз қалаңда алшаң басу бас қатырарлық мәселе болатын. Айтуынша, осы кез тап бір өмір мен өлім арасындағы алмағайып сәт. Соның бірінде Красноярсктен қайтып келе жатып ізіне түскен бұзақылар арт жақтан мылтықпен атып, бар ақшасын иемденіп кетуге оқталған. Toyota Caldina көлігімен жазық пен таудың сілем-тізбегін бір өзі еншілеп келе жатқанда ызғытып жеткен әлдекімдер әп-сәтте мирас тыныштықты тас-талқан етті. Жерлесіміздің көлігінде 76 мың шамасында АҚШ доллары жатқан! Серікқазы Қайырлыұлы шып-шып аққан терден әбден алқынып, ес кетті дегенде қорқыныштың «қоңынан» босанып елге дін-аман жетті. Бұл оқиғаны осыған дейін тіс жарып ешкімге айтпаған. Ойы ұшақ жасағанға дейінгі өткен қалтарыс-бұлтарыстармен бөлісу еді.
Моторы Toyota-ға тиесілі
Қош. Ересектермен иық тірестіре, жастайынан тер төгіп өскен жерлесіміз тапқан-таянғанын алда мұнартқан мақсатына жұмсауды шешті. «КЭМОНТ-тағы» күрделі әрі кенді-кенішті жылдар біраз қаржы жинауға мүмкіндік берген.
2000 жылдардың басында елдің бәрі көлік ала бастаған соң көштен қалмайын деді. Еуропадан жеткен темір тұлпарға сұраныс та артып тұрған. Дегенмен бір күні таныстары бар, ДОСААФ өкілдері бар бас қосып, «ұшақ жасайық» деген ойдың төңірегінде қызу талқыны бастап кетті. Арагідік ұшқан бланиктер (жаттығуға арналған екі адамдық жеңіл аппарат) де ой салмай қоймайтын. Жасыратыны жоқ, ойға алған заты әуелемей тұрып «Ұшақ ұшырып не істемекшісің?», «Мұнша қаржыны қайдан алдың?» деген сұрақтар да әр жерден ытқып-ытқып шықты. Негізгі жауап – қазақ қарадомалақтары да мұндайды меңгере алады. Айналып келгенде тұтас ұлттың намысын арқалап, жауапты іске білек сыбана кірісті. Айтуынша, бір айда 15 адамға дейін еңбекақы төледі. Ұшақтың салмағы жеңіл болу үшін Мәскеуден арнайы материал алдырып, жетпеген саймандарды Томсктағы әскери-авиациялық зауыттан әкелді. Тұғылдың тумасы қашан да тәуекел етумен жүрді. Ол кезде отбасылы, кішкентайы бар. Ұшақ құрастыруға кіріскенде әлі жатақханада тұрып жатты. Моторы Красноярсктен қайтып келе жатқанда бұзақылардан құтқарған Toyota Caldina-ға тиесілі. Жалпы ұшақтың 17-18%-ы ғана металл. Детальдардың біршамасы автокөлік пен бланиктен алынған. Ал ұшақты патенттеу тақырыбы тым сирек көтерілді. Себебі патент сөзінен гөрі рұқсат беру деген орындырақ. Рұқсат берген институт өкілдері алғашқысын «өте жақсы» деп бағалады. Тіпті екіншісіне қарағанда тұңғыш әуе кемесін үздік деген. Неліктен? Басты себебі сол, артына екі балка қойылды, ол таулы аумақта жерге қонғанда едәуір төзімді. Ал екінші ұшаққа жұмсалған қаржы да қомақты әрі 60-70 келіге ауыр шықты. Бұл экономикалық жағынан тиімсіз. Дегенмен екеуінің де салмағы 500 келіден аспайды. Қызығы сол, кейіпкеріміз інісі Болатхан Қайырлыұлы және екі құрастырушысымен бірлесе осы бастаманы аяқтағандарымен, идея авторы ретінде өзі ұшпаған. Тіпті оталдырып та көрмепті. Бекітілген заңға сәйкес өздерінің көкке көтерілуге немесе оталдырып көрулеріне болмайды. Ары кетсе, інісі екеуі «Қарлығаш» деп атау берген ұшаққа кезектесе отырып суретке түсті.
Ұшақта Болатхан Қайырлыұлы
Ұшақ дайын, ұшыру қиын
Өкініштісі сол, 2000 жылы жұмыс біткен соң сынақтан өткізетін аэродромды қолдану мүмкіндігі төмендеп кетті. Степное ауылына қарасты арнайы аумақты уақытша ала тұру үшін ең соңында қала әкімі Вера Сухоруковаға жүгінгенімен, қадам нәтижесіз шықты. Сынаптай сырғып бір ай өтті. Ұшақ дайын, ұшыра алмай әлек.
– Содан ДОСААФ-тың директоры Анатолий Нетунаевқа сөз арасында "Жібек-маталар комбинаты маңындағы ипподромның жоғары жағындағы алқапты пайдалансақ қалай?" деп едім қарсылық танытпады. «Не істеу керек?» дегенімде «Жер бедерін сәл тегістесе жетеді» деді ол. Бағыма орай бір грейдер ұшырасып, өтінішімді жерде қалдырмады. Сөйтіп, жасы алпыстан асқан ағамыз «Қазақстанның тоғыз жылдығына» деп ырымдаған алғашқы ұшақты сынақтан өткізді! – деді Серікқазы Қайырлыұлы.
Бұл кезде Новосбирисктегі СибНИИА ғылыми-сынақ орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрді. Факс арқылы, одан қалса автобус арқылы фотолар жіберді. Олай етпегенде мамандар бағасын беру үшін елге келмейді. Ұшақтың бір қанатын қабырғаға жапсырып, неше адам отырғанда сынатындығына көз жеткізу үшін сәт сайын суретке түседі. Институттарға төленген қаржы да қомақты-тұғын. Новосібірлік мамандар Өскеменге келіп, тиісті алқапта аялдағанда ұшаққа қарап миықтарынан күлді. Жасалуында олқылық жоқ, есесіне бұралған гайкалар мен болттардың әралуандығы көрші елден келгендердің езу тартуларына себепші болды. Мұны есепке алмай, сол күнгі әуедегі бір сағатты қоспағанда жалпы жиынтығы 50 сағат ұшырылу кемшілігі ғана тұрды.
Міне, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы тұңғыш жасалған «Қарлығаш» ұшағы әуеге осылай көтерілген. Екіншісі «Қазақстанның 10 жылдығына» деп аталды.
Қазір қорада қаңсып тұр
Сол ұшақтар қайда қазір? 2000-2001 жылдары Ресейге апарған, шекарашылар қолдарындағы құжатты қомсынып ары өткізбеді. «Қарлығаштың» қос қанаты жеңіл көліктің тіркемесіне сыйып кететін. Обалы кәнеки, сол сәтсіздік тұсауы тырп еткізбей, ұшақ қазір Тұғылда, кейіпкеріміздің қорасында қаңсып тұр. Ал екіншісінің жартысы күні бүгінге дейін Барнауыл қаласында. Сынақтан өткізген ұшқыш, інісі Болатхан Құрманғалиев те бар, шамалап есептегенде Өскемен мен Тарбағатай екі ортасын бір жарым сағатта бағындырады. Тіпті кейінірек су бетіне (әсіресе Алакөл, Рахман қайнарлары, Зайсанға баруға тиімді) қонатындай етіп те әзірлеуге болатын еді… Тек қазір осының барлығы өткен күннің жарқын естелігі ғана іспетті. Ұшақты Тарбағатайдағы мұражайға да сұратыпты. Қайта қалыпқа келтіріп, діттеген жеріне жеткізу үшін қомақты қаржы (кемі бес миллион теңге) қажет. Жерлесіміздің жанарындағы жалын әлі қайтпаған, алайда қолда дәрмен жоқ. Қазір жеке кәсіпкер. Кейде таксист болып та нәпақа тауып жүр. Қолдау танытып, мүмкіндік берсе ТМД көлемінде баламасы жоқ мұнаралы крандарды да құрастыра алады. Серікқазы Қайырлыұлының айтуынша, тым құрығанда осы жағынан демеу болса облыс, республика көлемінде талай жұмыс орны ашылған болар еді!
Иә, қара бастың уайымы емес бұл. Астарында ұрпақ қамы да жатыр. Елім деген ер шыққан екен, елінің қолдауға ерінгені ме сонда? Санасы сергек сырбаз жан осының бәрін тізбелеп, сөз тізгінін тартқанда қос жанары ұшқын атып шыға келді. Қаншама рет сүрінді, сәтсіздіктер сағын сындырғандай. Бастысы, Құдай қосқан қосағы Айжан Құсайынова жанында, үш баласы үнемі қолдайды. Жаратқан ие қуат берсе, ендігі бастамасы елеусіз қалмас.
X ғасырда әйгілі ойшыл Әл-Фарабидің қалықтаған кептер қимылына қарап батпырауық әзірлеп ұшыруы осы істің сара жолын салғандай. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары даңқты Қажымұқан балуан өнерімен тапқан қаржысына ұшақ жасатып, Кеңес өкіметіне сыйлады, Қытайдағы қазақтардан шыққан жомарт Басбай Шолақұлы Кореяда тұтанған соғысқа дәл осылай әуе кемесін тарту етсе, кейіпкеріміз інісімен бірлесе мұны Тәуелсіз Қазақстанға арнады.
Сұхбат реті де осымен тәмамдалды. Серікқазы Қайырлыұлы орындықтан тұрып бара жатып ауыр ойдың шырмауында қалғандай болды. Дегенмен ойы жинақы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ