Тарбағатайлық спортшы ел чемпионатында қола жүлде иеленді

8671
көрілім

Қостанай қаласында өткен қазақ күресінен жастар арасындағы ел чемпионатында Тарбағатай ауданының тумасы Айдана Каменова үздік үштіктен көрінді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бәсеке оңайға түспеді. Республикаың әр өңірінен келген үздіктер татамиде небір тартысты текетірес көрсетіп, чемпионат көркін қыздыра түсті. Аталған додадан жерлесіміз де шет қалмады. Бапкері Болат Бейсенбиновтың айтуынша, әр кездесу өзінше күрделі өтіп, тыңғылықты әзірлікпен келген әр қарсылас шәкіртінің бір сәт те босаңсымай, жинақылық танытуына себепші болған.
- Айдана барлығы төрт белдесу өткізіп, соның біреуінде есе жіберді. Қазір 70 келіден жоғары салмақта біршама қызу бәсекелестік орнап келеді, - деді Болат Жанабайұлы.
Қазақ күресінің қыр-сырын меңгере бастаған жерлесіміз Өскемендегі Жамбыл гимназиясының түлегі. Қазіргі уақытта Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да дене тәрбиесі факультетінің 2-курс студенті.