Түрлі халықаралық спорт басылымдары қызылордалық Дәулет Ниязбековтың тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, күрес түрлерінен Алматыда өтіп жатқан ел чемпионатының шымылдығын еркін күрес шеберлері ашқан болатын. Сайыстың екінші күні бозкілемге тарбағатайлық Олжас Олжақанов беттеп, алғашқы белдесуін өзіміз сөз еткен Дәулет Ниязбековке қарсы өткізді. Фаворит Ниязбеков еді. Себебі 2011 жылы Стамбулда өткен Әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, былтыр Нұр-Сұлтанда өткен жаһандық жарыстың күміс медалін мойнына тақты. Одан бөлек, Азия чемпионатында талай мәрте оза шапқан. Жасы отыздан асса да, тәжірибе тұрғысынан жастарға еш есе жібермей келеді.
Сол кездесуде Олжақанов бірқалыпты белдесу көрсете отырып, ұпайын түгендеуге тырысқанымен қызылордалық спортшы ол ережеге бағынудан бас тартты. Үнемі аяққа өтудің қамымен жүрді, артына шығып, ұпай алуға тырысты. Олжас әлі 20-ға да толмаған өрен. Өзінен 12 жас үлкен палуанға қарсы өз әдістерін жасап көруге тырысқанымен Ниязбеков оған ырық бермеді. Нәтижесінде белдесу мерзімінен бұрын аяқталып, фавориттің пайдасына шешілді. Сол екпінімен финалға дейін жетіп, шешуші сында қарағандылық Әділ Оспановты қапы қалдырды. Осылайша Ниязбеков ел біріншілігінде сегізінші рет топ жарып, ресейлік Хаджимурат Гацаловпен теңесті. Яғни екеуі де ішкі чемпионатта сегіз мәрте үздік шыққан!
Дегенмен ресейлік күрессүйер қауым қос спортшының арасын тым алшақтатып жіберді. «Гацалов қайда, Ниязбеков қайда?» деген сипатта кекете-мұқата пікір білдірді. Әйтсе де өз елінде осыншама мәрте оза шығу да белгілі бір деңгейді көрсететінін ескере кеткен жөн сияқты.