Тарихи фотосуреттегі қыз – катонқарағайлық Анар Рахымжанова

7005
көрілім

Желтоқсан оқиғасында жандайшаптардың қақ ортасында жалғыз келе жатқан уыздай жас қыздың фотосуреті кімнің болмасын жүрегін уылжыта елжіретіп, жанарына еріксіз жас тұндырады. Бұл сурет 33 жыл бойы деректі фильмдерде талай рет көрсетіліп, газет-журналдарда сан мәрте жарияланған-тұғын. Осыншама уақыт бойы көптің көкейінде «осы бір бұйра шашты қазақ қызының тағдыры не болды екен?» деген сауал сарнап, ой-қиялды сан саққа жүгіртті. Сенесіз бе, қайсар қыз өзіміздің жерлесіміз болып шықты! Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылының тумасы. Аты-жөні – Анар Рахымжанова. Бүгінде Алматы қаласында тұратын ол ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немересінің қызығына бөленіп отыр. Десе де Желтоқсан көтерілісі әлі күнге дейін оның жан жарасын сыздатып, күні кеше болғандай көз алдында көлбеңдейді.

«Автобусқа тиеп алып кетті»

1986 жылғы желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев қызметінен кетіп, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғаны туралы естіген жастар «Қазақты қазақ басқару керек!» деп орталық алаңға бет алды. Солардың арасында Анар Рахымжанова да бар.

– Сол кездері Алматыда құрылыста жұмыс істеп жүрген едім. Құрбым екеуіміз құжаттарымызды жоғалтып алып, оқуға тапсыра алмай қалдық. 16 желтоқсан күні осы жағдайды естігеннен кейін жұмысқа шыққым келмеді. Жатақханада отырғанымызда сыртта жүрген жігіттер дыбыс зорайтқышпен «Оян, қазақ! Алаңға қарай атта!» деп ұран тастады. Сөйтіп рухтанып, қайраттанып алаңға шықтық, – дейді ол.

Шеруге шыққан жастарды мұздай қаруланған әскерилердің ұрып-соғып, қамауға алып жатқандығын білсе де қаймықпаған 19 жастағы Анар құрбысы Гүлшат Төпеновамен бірге қалың топтың ішіне кіріп кеткен. «Санаңызды үрей билемеді ме?» деген сауалымызға кейіпкеріміз «Адам жас кезде ештеңеден қорықпайды екен» деп жауап берді.

– Қаумалаған қалың жұрттың толқынымен алдыңғы лекке қалай шыққанымызды да байқамай қалдық. Бір кезде сақшылар көтерілісшілерге лап қойды. Бәрі жан-жаққа жапа-тармағай қаша бастады. Бұрыла беріп құлап түстім. Орнымнан көтерілгенімде қарулы жасақтар ұстап алды. Шынымды айтсам, осы сәтте өзімді емес, тепкінің астында қан-жоса болып жатқан қазақ жігіттерін ойлап, ет жүрегім елжіреді. Бейне бір итжеккенге айдағандай қолға түскендерді автобустарға тоғытып, алып кетіп жатты. Мені Қарасай аудандық милииця бөлімшесіне жеткізді. Бағыма орай ондағы милициянерлер кілең қазақ жігіттері екен. Маған қол көтерген ешкім болған жоқ, – дейді Анар Төлегенқызы.

Арманына балта шабылған

Бөлімшеде ұсталғандарды тергеп-тексеріп, алдынан, қырынан фотосуретке түсіріп жатты. Жеткізілген жастардың көптігі сонша, тіпті ішке сыймай кетті.

– Тергеушіге аты-жөнімді, қайда жұмыс істейтінімді айттым. Соңынан естісем, көбісі өтірік есіммен тіркеліпті. Ал Гүлшатты басқа РОВД-ға жеткізген еді. Сол жақтағы орыс сақшылары оны аяусыз ұрып-соққан. Кейін жатақханада көкала қойдай таяқ жеген құрбымды көргенде кеудемде әлдебіреуге деген кек оты қайнай түсті. Білесіз бе, ол қыздың ұлты қазақ болғаны үшін ғана ешбір аурухана қабылдамай қойған. Соның салдарынан сырқаты асқынып кетті. Күні бүгінге дейін денсаулығы дәрігерлердің бақылауында, – дейді Анар Рахымжанова.

Кейіннен Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарға, оның ішінде Анар да бар, 5 жыл бойы жоғары оқу орындарына түсуге тыйым салынды. Бастығы болған украин әйел оған жаны ашып, жұмыстан шығармаған. Мына бес күндік жалғанда бес жыл деген не тәйірі, ә дегенше уақыт сырғып өте шықты. Алайда жаңадан келген бастық оған «Алаңға шықтың, көтеріліске қатыстың!» деп дұрыс мінездеме жазып бермей қойған. Сөйтіп оның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын деген арманына балта шабылған-ды. «Қара тізімге» ілінгендіктен басқа жұмысқа орналаса алмапты. Десе де сағы сынбаған қайсар қыз саудамен айналысып, нәпақасын адал еңбегімен тауып келген. Тұрмыс құрып, дүниеге екі перзент әкелді. Қазірде оңтүстік астанада тұратын жерлесіміздің ұрпағын жалғар немересі өсіп келеді.

Анар Рахымжанова жолдасымен

Әлеуметтік желіде іздеу салды

Ал енді мақаланың басында айтқан фотосуретке қайтып оралайық. Шаш ал десе бас алатын, қабағынан қар жауған жандайшаптардың «уысында» басын төмен салбыратып келе жатқан бұйра шашты, шақпақ пальто киген қызға «Фейсбук» желісінде іздеу жариялағандар болыпты. Ал Анардың өзі бұл әлеуметтік желіге тіркелмеген екен.

– «Бұл қыз тірі ме? Тірі болса қайда?» деп жазып, менің суретімді салғандарды сіңілім Жанар байқап қалды. Астына пікір ретінде «Бұл менмін» деп жауап қайтардым. Осыдан кейін маған жан-жақтан сан алуан сұрақтар ағылды. «Рас па? Оны қалай дәлелдейсің? Мүмкін емес!» дегендер де болды. Бәріне жас кезімдегі сол шаш үлгісімен түскен суреттерімді жібердім. Ал күздік пальтомнан баяғыда құрақ көрпе тігіп тастағанбыз, – дейді кейіпкеріміз.

Осылайша іздегендер суреттегі қыздың сол екендігіне көз жеткізген. Өзін осы уақытқа дейін жарнамалап, мақтау естіп, марапат алуға ұмтылмаған Анардың мұнысынан қазақ қызына тән қарапайымдылық пен ұяңдықты көреміз.

– Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде тіркелу ойыма келмепті. Бірде туыстарым мен таныстарымның айтқан ақылымен қалалық әкімдікке бардым. Жауапты мамандар бәрін тексеріп шыққан соң маған «Әуелі ақталғаныңыз туралы құжат әкеліңіз» деді. Байқасам, мұндай анықтама қағаз алудың машақаты көп екен. Әмбесінде ұзақ уақыт керек болды. Ал менің жұмыстан қолым тимеді, – дейді Анар Төлегенқызы.

***

Міне алда ең қастерлі мерекеміз – Тәуелсіздік күні келе жатыр. Бүгінде сіз бен біздің егемен елде өмір сүріп жатқанымыз отаршылдық саясатқа қарсы ұрандаған зиялыларымыздың, бостандықтың туын желбірету үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр бабаларымыздың, желтоқсанның ызғарында жүрек жұтып алаңға беттеген нағыз ұлтшыл, намысшыл қыз-жігіттеріміздің арқасы. Осы мақаламызға арқау болған Анар Рахымжанованың фотосуреті қазақ қыздарының қайсарлығы мен өжеттілігінің тағы бір дәлелі ретінде тарих бетінде мәңгі таспаланатыны анық.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ