34 жыл бұрынғы оқиға дегеннен гөрі 86-ның қанды желтоқсаны десе жұрт жүрегі елең етіп, қызылшұнақ қақаған аязда сүйегіңнен өтетін сөздер мен жан ауыртар жайттарды көз алдарына келтіреді. Сол оқиға бейне теңіз бетінен тік шапшып көтерілген тайфун толқынындай жолындағысын жайпап, адам айтқысыз қасіреттер әкелді де қазақ сахарасының шетіне сар-гүр етіп жұтылды да кетті. Талай жанұяның түндігі желпілдеп, шаңырағы ортасына түсті. Қаншама ошақтың оты өшіп, қаламтасы бықсып, күлі желге ұшты. Орталық алаңдағы қызылтабан үргіншіліктің бел ортасында жүріп, аяусыз тепкінің астында қалған жастардың бірі – катонқарағайлық Бекжан Камалиев. Бертіндері көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген тарихи фотосуретте жендеттер шашынан сүйретіп әкетіп бара жатқан жігіт те осы Бекжан Биахметұлы болатын.
Кешкі хабардан кейінгі қарбалас
Кейіпкерімізбен жолығып, әңгімеге тарта бастағанымызда-ақ желтоқсан дегенде қазақ қыздары мен жастарын соққыға аямай жыққан сұсты жендеттердің суық бейнесі көз алдына келгеннен бе, жанары жалын атып, әр сөзін салмақтап жеткізе түсті. Желтоқсан қатысушысы Катонқарағай ауданының Еңбек ауылынан. Алматдағы Орталық алаңда болған айқастан еңбектіктердің басым көбі хабардар. «Қалайша?» дейсіздер ғой. Бір мезетте қаншама адамның ортақ мүддесіне айналған желтоқсан оқиғасына тек Еңбек ауылынан ғана 17 қыз бен жігіт қатысқан! Барлығы да сол уақытта өз талаптарын бейбіт түрде білдіргендерімен, кенеттен болған көтерілістен алаңды қызыл ала қан жуып кеткені ақиқат. Ол кезде Бекжан Биахметұлы жиырманың төртеуінде, қылшылдап тұрған кезі. Үйленбеген. Алдымен Еңбек ауылында сегізжылдық мектепті тәмамдап, кейін аудан орталығында ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесін аяқтайды. Отан алдындағы борышын орындауға оқталып еді, мүмкін болмады. Арман қуып Алматыға барды. Ол жақта қалаған оқу орнына түсе алмай, адал жолмен нәпақа табудың қамына кірісті. Қауырт еңбек тірлігімен 1986-жылға дейін құрылыста тер төкті.
– Кешкі сағат 21:30-да «Время» бағдарламасы көрсетілетін. Алдымен ресми жаңалықтар ұсынылып, онда «Дінмұхамед Қонаев зейнет жасына байланысты демалысқа шығарылып, орнына Геннадий Колбин келді» деген ақпар тарады. Жатақханадағы жігіттер мұны естіп, «Елімізді басқаратын бір қазақ табылмағаны ма?» деп қас пен көздің арасында абыр-сабыр болды да қалды. «Жүріңдер, алаңға тарттық!» деген дауыстардан соң жігіттермен сол кездегі Брежнев атындағы алаңға бет алдық, – деді жерлесіміз.
Бекжан Камалиевтің 1986 жылдың жазында түскен суреті
Кірпік ілмей таңды атырды
Дауыл алдындағы сілтідей тыныштық орнаған сәт. Құлаққа түрпідей естілген жаңалықтан соң талап-өтініштерін білдіруге асыққандары арада жарты сағат өтпей алаңға жинала бастады. Бекжан Камалиев құрылысшылар жатақханасынан бір топ жігіттер болып №86 автобусқа отырып, межелі жерге жетті. Бұл уақытта алаңның жартысына жуығын бейбіт тұрғындар алып, жан-жақтан өзендер қосылып жатқандай көрініс берді. Ортаға шығып, түсінік берер біреу болсашы?! Жұрт тым құрығанда Қонаев ақсақалдың жүзін көріп, не болып жатқанын өзінен білуге құмартты. Тек жастар ғана емес, орта жастағы азаматтар мен қазақтың өрімдей қыздары да көппен бірге еді. Кейбірі басшылық қызметтегі Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза сынды халықтың алдында жүрген танымал жазушы-тұлғаларды күтті. Үлгергендері автобус тоқтағанға дейін алып-ұшып жетсе, өзгелері түн ортасында жаяу-жалпылы ағылуда. Әзірге бірде-біреуі төбе көрсетіп, мән-жайды түсіндірер емес. Таң атты. Ешбірі кірпік ілмеген, нәр татпады, дірдек қағып тоңғандары қаншама? Алматы өзге аймақтарға қарағанда жылырақ болса да сол жылғы желтоқсан тым ызғарлы көрінді. Түс әлетіне дейін жұдырық жұмсап, тепкінің астына алу сынды қақтығыс байқалмады. Әйтсе де долы өзен арнасынан асып төгілетіндей түбі бір сұмдықтың боларын аңғартып-ақ тұр. Желтоқсанның 17-сі күні түс қайта сағат 16:00 шамасында алаңдағы мыңдаған жастар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқады. Жігіттермен иін тірестіріп, қазақтың қаракөз қыздары да бір қадам артқа шегінбей қасқайып тұр.
Көтеріліс қалай басталды?
Бекжан Биахметұлының сөзінше, өзге ұлт өкілдері де бейбіт шеруге шыққандардың сөзін сөйлеп, басшылыққа сол елдің тыныс-тіршілігінен хабардар біреудің тағайындалуын талап еткен. Бес саусақтың жұдырыққа айналған сәті де осы. Араға бірнеше сағат салып, жастардың наразылық шеруінің бөгеуі ағытылды.
– Барлық жайтты көзіммен көріп, сол жерде үш күн жүрдім, – дейді жерлесіміз. – Ақыры таяққа жығылып, қамалып, соңында жұмыстан шығарылдым. Азаматтардың «Ешбір ұлтқа ешбір артықшылық берілмесін! Әр ұлттың өз көсемі бар!» деген талабына нақты жауап берген жан болмады. Алаңға жастарды әдейілеп ешкім шақырған жоқ. Кеудесінде намысы бар әрбір жас «мұның соңы не болады екен?» деп өз еркімен көптің шеруіне қосылды.
Алаңға әділеттілікті талап етіп шыққан нөпір халықтың шеруін сағат 16:00-ден кейін адамдарды аяусыз таптап өткен өрт сөндіру көлігі бастады. Оған дейін әр жерде бірін-бірі итеріп, қол көтеруге әлі бармай тұрған сәт. Сүт пісірім уақыт өтпей, бейбіт шеру қанды шайқасқа ұласты. Жігіт пе, қыз ба, айырмашылығы жоқ, барлығы тегіс соққыға жығылуда. Бас сауғалаудың қамымен жігіттер жан-жақтан қолға түскен арматура, ағаш таяқтармен өліспей-беріспеуге ұмтылды. Қозғаушы күш жоқ емес. Әсіресе алаңдағы жастар итке таланып, сарбаз күрегімен соққының астында қалған өрімдей қазақ қыздарына араша түсуге асықты. Жерлесіміздің сөзінше, жұдырықтай жұмылған көпшілік желтоқсанның 17-сі күні мұздай қаруланған әскерилерге шыдас бермеген. Бейресми мәліметтер сол күні алаңға 20 мыңнан артық адам жиналған деседі.
– Қазақ қыздарының өжеттігін сонда көрдім. Әлі көз алдымнан кетпейді: қыздардың бірінің маңдайы жарылып, қаны бетін жауып кеткен. Жылап тұрған жоқ, жендеттің жұмсаған соққысына соққымен жауап беріп тұр. Оны көріп қалай шыдап тұрасың? – деді кейіпкеріміз сөзін сабақтай түсіп.
Қанды оқиғадан соң 33 жыл өткеннен кейін түскен суреті (2019 жыл)
«Қыздарды құтқарайық!»
Күнделікті оқу-жаттығуда жүріп, әр қимылын біркелкі етіп дағдыланған әскерилер ақыр соңында басымдық ала бастады. Басып-жаншуға көршілес елдерден қосымша күш ағылды. Ту сыртынан төніп келіп, нөпірді жекелей топтарға бөліп, біртіндеп бағындыруға көшті. Бекжан Биахметұлы қалтарыс сәтте тура алдында қызыл жағалы жеті-сегіз жендеттің қазақтың төрт қызын қойды бөліп әкеткен қасқырдай сүйреп бара жатқанын аңғарды. Көптің бірі «Қыздарды құтқарайық!» деп дауыстаған сәтте айқас ортасына кірді де кетті. Күш тең емес. Саптарын бұзбай, суық қаруларын сілтей түскендердің легі молая түсті. Осы кезде әскерилер жерлесіміздің басынан күрекпен гүрс еткізіп, іле электрошокермен сұлатып түсірді. Сүйрегеннен-сүйреп, өзгелермен бірге автобусқа нығады. Діңкесі құрып, ес-түссіз жатқандарды бірнешеуі сүйретіп әкеле жатқанда жасырын камералардың бірі кейін тарихи фотосуретке айналатын кадрды түсіріп үлгерген. Бұйра шашты мұртты жігіттің әбден сілікпесін шығарып, соққы жегізгені байқалып тұр. Алайда бұл суретті Бекжан Камалиев тек қанды оқиғаның алауы басылып, арада бірнеше жыл өткен соң барып байқаған екен. Ал автобусқа тиеп, орталық түрмеге апарған соң не болды? Қазақ жігіттері мен азаматтарынан бөлек, темір торға тоғытылған өзге ұлт өкілдерінің саны да аз емес-тін. Ортақ сауал: «Көтерілісті кім ұйымдастырды?»
– Ол кезде телефон, әлеуметтік желі деген атымен жоқ. Бізге біреу келіп: «Жігіттер, өре түрегеліңдер, Қонаевтың орнына басқа біреу келіпті!» деп айтқан емес. Барлығы да «Алаңда не болып жатыр?» деген ойдың жетегімен, өз бетінше барған-тұғын. Жігіттерден қалыспай қыздар да көпшілікке қосылып жатты, – дейді әңгімесінде желтоқсан оқиғасының куәгері.
Кейіпкеріміздің айтуынша, тергеу барысында алаңда болғандарды киімсіз қалдырып, қаз-қатар тізбектей қойып дойыр таяқпен ұрған. Бірі талықсып, кескен теректей етпетінен құлады. Жатқан адамға қол көтермесе жөн ғой, есінен таңғандардың үстіне мұздай суды құйып кеп жіберді. Қалай ыңғайы келеді, қолы жеткен жерде шашынан, аяғынан ұстап сүйресе де өздеріне қарсы ұмтылғандарды әлсіретуге тырысты. Бекжан Биахметұлы ауыр соққыдан есінен танып құлады. Кейіннен тергеушілер өлдіге санап, моргқа апарып тастаса керек!
– Моргтің іші мұздатқыш сияқты. Қатты тоңғандықтан есім кіріп, оянып алдым. Жан-жағыма қарасам қатып жатқан адамдар. Ұшып тұрып айқайлап, есік қақтым. Қанша қақсам да есік ашар ешкім жоқ. Тепкілей-тепкілей өқшем де жарылды. Қанша тоқылдатқанымды білмеймін, әйтеуір бір әскери күзетші есік ашып мені көрді де кейін қаша жөнелді. «О дүниеден қайтып келген қай бейбақ?» деп қатты абдыраса керек. Бұдан кейін жеті-сегіз адам, ішінде дәрігері бар, келіп ем-домын жасады, – деді өліммен бетпе-келген желтоқсаншы.
Әлі ақталмай келеді
Сол бір желтоқсанның ызғарлы оқиғасынан кейін жерлесімізге екі бап бойынша айып тағылып, күні бүгінге дейін ақталмай келеді. Сол кездегі 62, 65 баптар, яғни «Ұлтаралық араздық тудырушылар» деген айып қыл арқан боп жабысқан. Ақталғандарының саны саусақпен санарлық. 2000-жылдары Алматыға барып, тиісті ұйымдарға жүгінуге бел буды. Бірқатар мекеменің табалдырығын тоздырса да еш нәтиже болмады. Содан бері ол мәселені қайтып қозғамады. Бекжан Биахметұлы бүгінде өңірдегі «Желтоқсан қоғамы» ұйымының мүшесі. Жалыннан жасқанбаған жерлесіміз қазір Өскеменде тұрады. Құрылыстың бір шетінде жүріп, адал еңбек етуін әлі жалғастырып келеді. Ұлдары Данияр мен Дастанға бағдар болып, өжеттілікті ту етіп, өмірлік ұстанымынан айнымай келеді. Облыс көлемінде сонау 86-шы жылы алаңға шығып, бейбіт шеруге шыққандармен бірге қан-жоса болып соққы жеген жерлестеріміз аз емес. 34 жыл бұрын Алматыда болған сол бір қанды көтеріліс сұрқия саясатқа қарсы шыққан жігіттер мен қыздардың нәубетпен келген жеңісі деп қабылдасақ жаңсақ айтпағанымыз. Бекжан Камалиев те сол сәтте ортақ мүдде үшін алаңда толарсақтан қан кешкен жандардың бірі!
Әділхан ЕСІМХАНОВ