Өскеменде ардагерлер арасында бильярдтан Бағдат Шаяхметовты еске алуға арналған халықаралық деңгейдегі турнир өтті. Бірінші рет ұйымдастырған додада Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған «Асау Ертіс» командасы бірінші орынды қанжығаға байлады.
Турнирдің ашылу салтанатына келген ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов шара шымылдығын өз сөзімен ашты:
– Есімі елімізге белгілі Бағдат Шаяхметовты еске алуға арналған жарыстың тұңғыш рет болса да, ауқымды деңгейде өтуі үлкен қуаныш, – деді ол, – Оның еңбегі сонау КСРО кезінен бері көпшілікке мәлім. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!
Халықаралық деңгейде ұйымдастырған додада шығысқазақстандық қатысушылардан бөлек, Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан, Түркістан облысынан және Ресейден ұзын саны 84 ардагер бақ сынасты. Жалпы саны 12 команданың ішінен ШҚО-ның «Асау Ертіс» командасы қарсыластарын сан соқтырып, жеңіс жалауын желбіретті.
Айта кетейік, ардагерлер арасында ең егде қатысушының дені 75 жаста екен. Астана қаласынан келген бұл қатысушының есімі Марат Досқожин, бірқатар республикалық жарыстардан жүлде алып жүрген жан.
Асқар ТҰМАРБЕК