Тасымалдаушылар өре түрегелді

444
көрілім

«Салық дауы» трамвайды қойып, автобусқа көшті. Қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығы бойынша басталған дау-дамайдың түйіні әлі де тарқамаған. Бұған наразылық танытқан тасымалдаушылар 15 бағытта қатынайтын автобустардың 26 наурыздан бастап сағат 9.00-16.00 аралығында жүрмейтінін алға тартты.

Облыс орталығындағы «АТЦ БЭСТ», Вебас», «Воска» және «Рост» ЖШС компанияларының салық қарызы бүгінде 4 млрд теңгеге жетіп қалған. Алайда тасымалдаушылар 2016 жылы бекітілген тариф бойынша жұмыс істеулерін тоқтатқан жоқ. Ол кезде жанар-жағармай құны 115 теңге болса, қазірде 160 теңгеге өскен. Дау прокуратура органының араласуымен сотта қаралуы тиіс болатын. Бірақ Өскемен қаласының әкімдігі істі созбалаңға салып отыр.

– Қала басшылығының алдында барып қайттық. Олар наурыздың 26-сына дейін бұрынғы режим бойынша жұмыс істей тұруымызды өтінді. Бірақ ол уақытқа дейін қандайда бір көмек көрсететін түрі жоқ. Сондықтан 26 наурыздан бастап бірнеше бағыт бойынша автобустар сағат 9.00-16.00 аралығында жүрмейтін болады, – дейді ШҚО шағын және орта бизнес қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы Галина Казанцева.

Бұл сөзді естіген қала әкімдігі бұқара халыққа қолайсыздық тудырмау үшін тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізді.

– Барлық бағыттағы автобустар күні бойы жұмыс істейтін болады. Тасымалдаушы компаниялардың Мемлекеттік кірістер департаменті алдындағы қарыз мәселесін арнайы комиссия қарап жатыр. Ал тұрғындар қоғамдық көлік қызметін еш кедергісіз пайдаланады. Келіссөз нәтижесінде бірде бір автобус тоқтамайтын болып ұйғарылды, – деп хабарлады әкімдіктегілер.

Асқар ТҰМАРБЕК