Өскемен қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Тату отбасы» жобасы биылғы мәресіне жетті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жоба 2019 жылдың қазан айынан бастап жүзеге асуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жасөспірімдер тәрбиесіне кері әсер ететін отбасылық факторлар санын азайту және олардың ата-аналарымен жақсы қарым-қатынасының нығаюына жол ашып, көмектесу. «Тату отбасы» бағдарламасы Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетіне қарасты «Денсаулық және әлеуметтік көмек» мектебінің қатысуымен жасалған.
Аталмыш бағдарлама 10-14 жас аралығындағы балалары бар отбасыларға арналған. «Тату отбасы» бағдарламасы жеті сессиядан тұрады, әр сессияның бірінші сағатында ата-аналалар мен балалар жеке-жеке топтарда жұмыс жасаса, екінші сағатында барлық қатысушыларға бірлескен жұмыс ұйымдастырылады. Міне, бүгін апта соңында 2019 жылдың қорытындысы шығарылып, белсенді ата-аналар арнайы сертификаттармен марапатталды.