Бірлігі жарасып, мейманасы тасыған егемен елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс қоныстанған. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде діні мен ділі бөлек әр этнос киелі қара шаңырақта бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын атап өтеді. Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін жетік меңгергендер де жоқ емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз полиция қызметкері Татьяна Богомолова қандай да бір қиындыққа тап болып құқық қорғау органдарына көмек сұрап келетін адамдармен екі тілде бірдей сөйлесе алады. Абайдың қара сөздерін жатқа айтып, ұлттық тағамдарымызды тіл үйіретіндей етіп әзірлейді. «Қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, келін атанғым келеді» дейді Татьяна.
«Полицей болу – бала күнгі арманым»
Бірде Өскемен қалалық Полиция басқармасына жолымыз түскен еді. Кіре берістегі дәлізден өтіп бара жатқанымызда қазақ тілінде сайрап тұрған орыс қызын байқап қалдық. Қасына барып, өзімді таныстырып, «қазақша жақсы сөйлейді екенсіз» дедім. Лебізімізге рақметін айтқан ол «Қазақстанда өмір сүріп жатқаннан кейін тіл білу керек қой» деп жауап берді. Бұл сөзді естігенде кеудемді ризашылық сезімі кернеп, сұқбат алғым келетіндігін жеткіздім. Сөйтіп араға бірнеше күн салып, Татьяна Богомоловамен қайта кездестік.
– 1997 жылы 31 қаңтарда Глубокое ауданында дүние келдім, – деп өз сөзін бастады Татьяна, – Әке-шешемнің ұлты орыс. Ыбырай Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебінде білім нәрімен сусындадым. 9 сыныпты тәмәмдағаннан кейін облыс орталығындағы Қазақстан Америка еркін университетінің колледжіне заңгер мамандығына оқуға түстім. Бала кезімдегі арманым – полиция қызметкері болу еді. Себебі адамдарға көмектескім келеді. Полицейдің киімін кигенді де ұнатамын (күлді). Қазір әскери шенім – сержант.
Бүгінде кейіпкеріміз қалалық Полиция басқармасының ғимаратында ашылған фронт кеңседе қызмет етуде. Құқық қорғау органдарына арыз-шағымдарымен келген тұрғындарды қарсы алып, қажетті кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
– Фронт кеңселер еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатыр. Мұндағы басты мақсат – полиция қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсету, қала тұрғындарын қабылдау үшін ыңғайлы жағдай жасау, – дейді Татьяна Олеговна, –.Адамдар сан-алуан мәселелерімен келеді. Әрқайсысын тыңдап, қалай әрекет ету керектігін жіті түсіндіремін. Қазақ азаматтары келсе қазақша сөйлесемін. Менің тіл білетіндігімді көргендер бірден құрметпен қарап, жылы сөйлесіп, кетер кезде тілектерін, баталарын беріп жатады.
«Қазақ тілін құрбыларым үйретті»
Татьяна орысша оқыса да кішкентай кезінен қазақ мектебінің оқушыларымен бірге ойнап, етене араласқан екен. Сол құрбы-достарынан тіл үйреніпті.
– Мектеп қабырғасында жүргенде «Абай жолы» сайысына қатысып, ұлы ақынның 16 қара сөзін жатқа айттым. Қазақ тілі пәнін әр жылы 5-ке бітірдім. Колледжде де сан-алуан сайыстарға барып, тапсырмалар орындап, өлең оқыдым. Алған мадақтама қағаздарым, алғыс хаттарым бар. Бірде Наурыз мейрамында қазақтың ұлттық көйлегін киіп, қамажай биін биледім, – дейді әңгімелесушіміз.
Бос уақытында таза ауада серуендегенді, кітап оқығанды, музыка тыңдағанды ұнататын кейіпкеріміз ұлттық тағамдарды да әзірлейді.
– Эстрада жұлдыздарынан – Қайрат Нұртасты, Ернар Айдарды, Төреғали Төреәліні, Мадина Садуақасованы, Қуандық Рақымды тыңдаймын, – дейді ол, – Ең сүйікті әнім – Понти Жорабековтің «Сүйем сені» туындысы. Бешбармақ, қуырдақ, бауырсақ, қазы пісіремін. Әзірлеген тағамдарымнан дәм татқандар жоғары бағасын беріп жатады.
Татьяна Богомолова қазақ халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне қызығатынын айтты. Болашақта қазақ жігітіне тұрмысқа шыққысы келетіндігін де жасырмады.
– Қазақ шаңырағына келін болып түскім келеді. Той алдында дәстүрге сай сырға салу болғанын қалаймын. Жан жарыммен үлкен отбасы болып, тату-тәтті ғұмыр кешсек одан асқан бақыт бар ма? Үйге қонақтар жиі келіп тұрса, бәрін құшақ жая қарсы алатын едім. Болашақта балаларымның екі тілді жетік меңгергенін қадағалаймын, – деп Татьяна өз сөзін аяқтады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды