ШҚО-да сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоба барысында өңірде 461 мыңнан астам адам тазалық жұмыстарына қатысып, 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды. 81 мың аула аумақтарынан 26,2 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Облыстағы қоғамдық және демалыс орындарын абаттандыруға бағытталған келесі ауқымды шара 27 мамыр күні Ұлан ауданындағы Шыбындыкөл көлінің жағасында өтеді.
- Шыбындыкөл – туристер көп келетін аумақтардың бірі. Туристік маусымның басталуы қарсаңында көл жағасын қалпына келтіру тек тазалық жағынан емес, табиғаттың экологиялық ахуалы тұрғысынан да маңызды мәселе, - деді ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Нұрлан Рамазанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА