Театр фестивалі өткізілмек

418
көрілім

Қараша айында ШҚО Драма театрында шағын форматта сахналанған спектакльдердің Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестивалі өтеді. Сонымен қатар Жастар театры 12-13 қазан күндері өнерсүйер қауымның назарына Исраил Сапарбайдың «Мәжнүн» лирикалық драмасының премьерасын ұсынады.

Рүстем Есдәулетов атындағы республикалық театр фестивалі Өскеменде 10-14 қараша аралығында өткізілмекші. Фестивальге еліміздің барлық өңірлеріндегі театр ұжымдары қатыспақ. Айта кетсек, Рүстем Есдәулетов атындағы І республикалық фестиваль 2016 жылы өткен болатын. Жастар және студенттер фестиваліне ол кезде Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Семей сынды қалалардан бірқатар театр ұжымдары келген еді. Фестивальдің екінші рет өтуіне Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Жастар театры» мұрындық болды.

Сондай-ақ 12-13 қазан күндері Жастар театры Исраил Сапарбайдың «Мәжнүн» лирикалық драмасының премьерасымен ІҮ-ші маусымын ашпақ. Қойылым режиссері Дарын Қалибекұлы.

– Басынан бағы тайып, бір ғана сәтте барынан айрылып, Желтоқсанның ызғарын, тасжүректердің азабын, темір тордың тепкісін көрсе де сағы сынбаған, намысы құламаған Ғазиз ендігі өмірін қалай өткізбек..? Алматының Арбатында сурет салумен қашанғы күнелтпек? Осындай сұрақтардың соңында жүрген жабырқау жанның өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырған кімдер? Жаманға кеткен есе мен арсызға кеткен әділдік үшін күрес жолы қойылымның басты арқауы болмақ, – делінген Жастар театрының баспасөз хабарламасында.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ