Театр ұжымы көрерменге «Қар қызы» спектаклін ұсынды

254
көрілім

Жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің повесі негізінде әзірленген қойылым мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтің туған күніне орай сахналанды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс, республика жұртына бұл шығарма етене таныс. ШҚО Драма театрының өнерпаздары «Қар қызын» осы уақытқа дейін бірнеше мәрте көрермен назарына ұсынған. Театр басшылығының мәліметінше, Бердібек Мәшбекұлы осы нысанның негізі қалануына мұрындық болып, қолдауын білдірген. Ал «Қар қызы» Оралхан Бөкейдің шоқтығы биік шығармаларының бірі болғандықтан қоғам қайраткерінің туған күні аясында арнайы таңдап алынды. Режиссер Дина Жұмабайдың драмаға әу баста тың идеялар қосқаны бірден байқалады. Спектакль басталмас бұрын қоғам қайраткерінің еңбек жолынан бейнеролик көрсетіліп, көрермен бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Актерлердің республикалық, халықаралық фестивальдерге қатысуы, жүлделі орындар иеленіп, ұжым ретінде белгілі бір дәрежеге ие болуы – тікелей Бердібек Сапарбаевтың есімімен байланысты. Алыстан көптің көзі түсер архитектуралық ғимараттың салынуына да мұрындық болған жан. Ол кісі аймақ басшысы болып тұрғанда біқатар спорттық, мәдени нысандар бой көтергені көпке белгілі. «Қар қызы» сахналанады деп әлеуметтік желіге хабарландыру жариялағанда да қала тұрғындары осы жағын жазып жатты, – деді театрдың баспасөз хатшысы Еркежан Айтқазықызы.

Шығарма сюжеті газет пен сайттарда мұның алдында көп рет жазылған, театр сыншылары да жетеріне жеткізе талдады. Дегенмен спектакльдің өзі соғыстан кейінгі жұрттың ауыр тұрмысын, мал азығын әкелеміз деп ақ түтек боранда адасып кеткен үш достың жағдайын боямасыз суреттейді. Үшеуі де соңғы сәтке дейін үмітті ескек етті. Ал көзін тырнап ашқалы жалғыздықта өмір сүрген Қоңқай шалдың образы қоғамнан оқшауланған пендені айнытпай көрсетті. Бұл драманың көрермен жадында ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ