Өткен сенбіде облыстық Драма театрда жұрт көңілінің хақ төрінен орын алған «Театрдағы бір түн» шарасы болып өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған Театр кешіне жиылған дүйім жұрттың қарасы бұл жолы да аз болған жоқ. Өткен жылы бұл шараны Қазақ және Жастар театры қолға алса, биылғы ізгі шараға Орыс театры да атсалысып отыр. Бұқара.кз сайты назарларыңызға «Театрдағы бір түннен» фотоестелік ұсынады.
Сенбілік кештерін облыстық Драма театрына арнаған қала тұрғындары мен қонақтары күйбең тірліктің қам-қарекетін бір сәтке ұмытып, театр ғимаратына емес «Театр әлеміне» енді.
Көрермендер сүйікті әртістерімен жақынырақ танысып, әртүрлі қойылымдарда киілген киімдерді, қолданылған сан алуан заттар мен бутафорларды қолымен ұстап, қажет десе үстіне киіп көруге мүмкіндік алды.
Көңілді кеште Қазақ театры әннен шашу шашты.
Бұл түні театрдың әр қабатында сан түрлі шаралар мен ойындар, фотосессия мен автографсессиялар өтті. Сондай-ақ бал көңілді балғын балақайлар да шеткері қалған жоқ. Клоундардың қытықтамай күлдіретін әзілдерін тамашалап, семсерлесуді үйренді.
Көңілді кештің «Ауыл түні тамаша» атты бөлімі барысында театр ұжымымен бірге қазақтың әсем әуендерін әуелете шырқап, көңілдерін көтерді. Көрермендер отандық фильмдерден жасалған попурри қойылымын тамашалады. Попурри режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмімен басталды.
Бұл күні Цой «қайта тірілді». Әйгілі «Ва-банк» телесериалындағы қос ғашықтар қайта табысты. Әйгілі Люк Бессонның гүлін ұстаған «Леоны» әнімен көрерменді баурап алды.
Жастар театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов:
Театр түнін жыл сайын сәуір айында өткізуді дәстүрге айналдырғымыз келеді. Мұндағы басты мақсат – театр өнерін халыққа кеңінен насихаттау, оның бүге-шүгесімен, қыр-сырларымен жақынырақ таныстыру. Осындай «Театрдағы бір түн» шарасы республика бойынша бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Біздің бастамамызға Қуанышбаев театры, Әуезов театры, Алматы мен Астана қаласындағы жасөспірімдер театрларының әртістері қолдау көрсетіп, жақсы лебіздерін білдіріп жатыр.
«Театрдағы бір түннің» қонағы Талғатжан Мұхамадиев