2018 жылдың 1 мамырынан бастап 31 желтоқсанға дейін Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері Қазақстан мен ТМД елдеріне пойызбен тегін сапарға шыға алады, деп хабарлайды газет тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп Жеңіс күні қарсаңында дәстүрге айналған акцияның басталғанын жариялады. Бұл акция аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдеріндегі «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызмет көрсететін барлық бағыттар бойынша тегін тасымалданады. Майдангерлерге кез-келген санаттағы пойыз вагонына билет алуға мүмкіндік бар.
Тегін билетті алу үшін тек жеке куәлік пен Ұлы Отан соғысының қатысушысы немесе мүгедегі екендігіңізді растайтын құжат болса болғаны. Сондай-ақ, ТМД елдеріне саяхатқа шыққанда билетті қайтар жолға Қазақстаннан алып шығу керек.
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ