Бір салада жүрген ағайындыларды, апалы-сіңлілерді, болмаса бала күнгі достарды кездестірсек, қатты таңданыс болмайды. Бірақ егіздердің бір мамандық қазанында қайнауы сирек. 7-ші мамыр Отан қорғаушылар күні қарсаңында солармен емен-жарқын әңгімелескен едік. Он бес жылдан астам уақыт тәртіп күзетінде жүрген Нұрлан, Ерлан Құрманғалиевтер Катонқарағай ауданының тумалары, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Араларын бес минут бөліп тұр
Табиғаты тұмса ауданға қарасты Ақмарал ауылында туған жерлестеріміз бала күнінен тәртіп сақшылары болуды арман еткендерін жеткізді. Ақмарал – шағын ауыл. Өзені сарқырап, халқы жадырап жүреді. Бірақ сәл кетеуі кете бастаған. Иә, бұл әкімдік жұмысы. Біздің мақсат – ел күзетіндегі егіздер тіршілігімен, жұмыс барысымен танысу. Кіндік қаны тамғалы балалық шақтары осы елдімекенде өтті. Қыратында қиқу салып, жазығында желдей ескен. Үйдегі қым-қуыт шаруа егіздерді тез-ақ шынықтырып, еңбектің өнбегін шын ұқтырды. Содан болар, Нұрлан Ерболұлы спорттың бірнеше түріне қызыққанын, оның ішінде волейбол мен тенниске бейім болғанын жеткізді. Ерлан Құрманғалиев те егізі екеуінің әуестігі де, икемі де бір бағытта өрбігенін жеткізді. Жанжал өрті қызып, төңіректе тәртіпсіздік орнағанда оқиға орнынан табылатын полицейлер қимылы алдағы аяқ алыстарын айқындауға негіз болды.
– Аққайнар орта мектебінде 9-шы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай 2002 жылдан 2005 жылға дейін Үлкен Нарын ауданындағы ауыл шаруашылығы техникалық училищесінде білім алдық. 2007 жылға дейін Шығыс Қазақстан заң колледжінде оқып, сосын бір жыл Отан алдындағы борышымызды өтедік, – деді Нұрлан Құрманғалиев.
Келген бойда Өскемен қалалық полиция басқармасында патрульді-бекеттік қызмет қатарын толықтырды. Қоғамдық тәртіптің сақталуы мен қылмыстың алдын алу – патрульді-бекеттік қызметтегі азаматтардың міндетінде. Бір мезетте бір саланың есігін қаққан егіздердің өмірде маңызды таңдау жасауларына ата-анасы себепші болған.
– Олар бізді әркез қолдайды. Осы мамандыққа кішкентайымыздан баулыды десе де болады. Бала күнімізден рауан таңнан жүгіріп, жаттығу жасадық. Әскерден оралған бойда қауырт жұмысқа кіріскеніміз де осыдан. Өзге мамандықтардағыдай біздің қызмет те асқан жауапкершілікті қажет етеді. Халық пен мемлекеттің қауіпсіздігін сақтап, қылмыспен күресу мінез бен жинақылықты қажет етеді – деді егіздер.
Ерлан мен Нұрлан Құрманғалиев өмірге келгенде араларын небәрі бес минут бөлген. Нұрлан – үлкені. Бірақ Ерлан оған қарағанда сұңғақтау. Тағы бір қызық жайт, егіздердің көбі бір-бірінен аумайтын. Бұл жерде олай емес. Дене бітімі мен түр әлпетінде айтарлықтай айырмашылық бар. Тіпті, бір қарағанда егіздер деген ұғым ойға келмейді. Бірақ өмір ағысы, жүрек қағыстары бір деуге болады. «Екеулеріңізден кім қызбалау, кім салмақты?» деп сұрадық.
– Менің мінезім шай орамал кепкенше. Тез ашуланып, тез қайтамын. Ал егізім – салмақты, тұйық. Басқа түскен әр мәселені ақылдаса отырып шешеміз, – деді Нұрлан Ерболұлы.
Айтуларынша, бала кездерінде өзі қатарластарынан әлдеқайда кішілеу көрінді. Басылым беттерінде егіздер туралы түрлі сұхбаттар оқыған едік. Сол жерде олардың бойындағы түйсік негізінде бірі қысым көріп жатса, екіншісінің қарап тұрмай жабылып кеткені айтылады. Сол сұрақты қойып көрдік.
– Әрине, әлімжеттік көрсетіп жатса, қарап тұрмайтынбыз. Бірден көмекке келіп, өзімізді басқалар сияқты қорғаушы едік, – деді олар.
«Біріміз ауырсақ, екіншісі де сырқаттанатын»
Мана Ерлан, Нұрлан Құрманғалиев бір-біріне ұқсамайды деп жаздық. Соған қарамастан оларды шатастыратындар бар екен. Бірақ ұжымдағылар емес. Былайғы жұрт оларды егіздердің ұзыны, қысқасы, ақшылдауы, қарасы деп ажыратады. Тағы бір сарапшылар мұндай адамдардың әркез бірін-бірі іздеп тұратынын, араларында өзгеше сезім қылы барын айтқан еді. Шынымен солай екен.
– Иә, ондай жағдайлар болады. Бір-бірімізді көп көрмесек көңіл-күйіміз болмайды. Тіпті біреуіміз ауырып қалсақ, екіншісі соны сезетін. Анамның айтуынша, біріміз ауырсақ, екіншісі де сырқаттанатын, – деді Нұрлан Құрманғалиев.
Патрульді-бекеттік қызметтегі жұмыс барысы көпшілікке тәптіштеп жазбаса да, түсінікті болар. Бізге егіздердің күнделікті өмірі қызық. Олар бірге жүреді, сырласады, іштегі мұңдарын ақтарады. Мұны артықшылық деп білген жөн.
– Кемшілігі сол, барлық уақытта бірге жүргеніміз ата-анамызға қиындық туғызды ма деп ойлаймыз. Оқуда да, жұмыста да жұбымыз жазылмайды. Кейде көмектесе алмай қаламыз, – деді Ерлан Құрманғалиев. – Тағы бір айта кетейік, көпшілік бізді «сен салмақтысың, сен пысықтаусың» деп ажыратады.
Тәртіп сақшысы болып жүрген басқа да егіздер бар. Бірақ біздің өңірде тек Құрманғалиевтер. Оларда әрқилы ұқсастық бар десек те, талғамдары бөлек.
– Сыңарым спорттық киімдер кигенді ұнатады, ал мен костюм-шалбар киемін көбінесе. Маған кино көп көрген ұнайды, егізім ол жағына жоқ. Тамақ талғамаймыз, – деді Ерлан.
Жұмысқа орналаспас бұрын оқуда түрлі қызық жағдай болыпты. Катонқарағай тумаларын оқытушылар жиі шатастырған. Емтихан басталғанда ең алдымен Нұрлан кірсе, соңына қарай Ерлан төбе көрсететін.
– Бұрынырақта учаскелерге бөлгенде білместікпен бірге қойып, сыңарым екеуіміз бірлесе патрульдеген сәттер болды, – деді Нұрлан. – Сонда бәрінің «Егіздердің бірге патрульдеулері қызық көрінеді екен» деп айтқандары бар.
Нұрлан, Ерлан Құрманғалиевтер қазір қалалық полиция басқармасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты. Екеуі де тағдырдың қалауымен сүйгенін жолықтырып, үш-үштен сәби сүйген. Нұрлан да, Ерлан да екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Мұны да өмірдің өзгеше бір құбылысы, Тәңір берген тәтті сый деп түсіндік. Егіздердің айтуларынша, ұл баланың көбі кішкентайынан полицей болуы армандайды. Егер мақсатын сол бағытқа қарай айқындаса, қолдауға дайын. Айтпақшы, егіздер отбасында үшеу. Айнаш есімді қарындастарын қатты жақсы көреді. Ол қазір Жібек-маталар ықшамауданындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші. Бастары қосылса, шер тарқатысып, бала күнгі қызықтан, қазіргі мамандықтарындағы түрлі тақырыпты қозғайды.
***
Ел күзетіндегі егіздер Отан қорғаушылар күні қарсаңында барлық ер-азаматқа қажымас қайрат, мықты ерік-жігер, таусылмас бақыт тілейді. «Бастысы ел іргесі берік, ел аман, жұрт тыныш болсын» деп қорытты әңгімелерін.
Әділхан ЕСІМХАНОВ