«Қай бала болмасын, алғаш қолына қалам алған кезде ақ параққа үйдің суретін салып, мұржасынан түтін шығарады екен» дейді Тәуірбай ағамыз. Осылайша, балалық арманның жібін үзіп, жігін аралатпай жылдар өтсе де жетегінде жүріп құрылыс басын қамдаған ағамыз жаздың аптабы мен қыстың қырауына қарамай кәсібінен қырық жылда бір рет те алыстаған емес. Қолына қайла мен қалақша алып еңбек жолын Байқоңыр ғарыш айлағынан бастаған құрылысшы әлі де қырынан тайған жоқ. Арнайы іздеп шыққан сапарымызда ағамызды Ұлан ауданының Сібе көлдерінде баламасы жоқ демалыс базасын салып жатқан жұмыс басынан таптық, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Әке көрген – оқ жонар
Катонқарағай ауданының тумасы болып келетін Тәуірбай Мырзахановтың балалық шағы Өрнек, Белқарағай ауылдарында өткен. Өр Алтайдың төрін саялаған екі ауылдың арасында ойнап өскен қара домалақ қазақ баласы 1974 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтына (қазіргі Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ — автордың түсініктемесі) түседі.
– «Әке көрген — оқ жонар» деп қазақ халқы бекерге айтпаған ғой, – деп Тәуірбай ағамыз әңгімесін бастады. – Әкем ұста болды. Содан болар, темір-терсекке жақын болдым. Алты жасымнан әкемнің жанында жүріп тәлім алдым. Темір қыздырып, таға жасаған оның ісі әлі көз алдымда. Ерте жастан ағаш шауып, ат тағалауды үйрендім. Ауылда қатар жүріп, бірге өскен достарым Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтына түскен соң мен де солардың ізімен қалаға тарттым.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң туған жеріне қайта оралып, еңбек жолын бастаған Тәуірбай Қажыбекұлы Катонқарағай ауданының Ақсу және Бекалқа ауылдарының арасындағы 13 шақырымдық жолдың құрылысына қатысады.
– 13 деген сан есіме түскен сайын күлкім келеді, – дейді Тәуірбай ағамыз. – Осы сан өзіме жақпайды. Достарым да «13 саны саған жақпады, содан жол құрылысы саласынан кетіп қалдың» деп айтады. Жол салғанда бір жолды ғана сала бересің. Ал құрылыста үнемі дамып, жан-жақты болуың керек, өйткені бүгін бір нысанды басқалай салсаң, екінші күні басқа нысанды өзгеше етіп тұрғызу қажет. Қай құрылысты болмасын жер астынан бастап, төбесіне дейін қалап шығу құрылысшыдан ерекше ой-өрісті талап етеді. Осылайша мен құрылыс саласына ауысып кеттім.
Байқоңырдан басталды…
Ұлан ауданының Асубұлақ кентіндегі Белогор құрылыс басқармасында жүрген жігіт 1983 жылы әскер қатарына шақырылады. Бірнеше күннің ішінде Байқоңырдан бірақ шыққан ол Кеңес Одағының сол кездегі ең үлкен құрылыс жобаларының бірі саналған «Энергия-Буран» кешенінің іргетасын қалауға қатысады.
– Ол жердегі командиріміз алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің ғарыш корабліне старт алаңын салған азамат еді, – дейді Тәуірбай Мырзаханов. – Тағы бір есте қалған азамат, командирдің саяси істер бойынша орынбасары, зайсандық Николай Гусев болды. Ол адаммен кейін тағы да өмір жолымыз тоғысып, 1990-шы жылдары Зайсандағы, Марқакөлдегі зілзала салдарын жоюда бірлесе жұмыс істедік. Зілзаладан қатты зардап шеккен бұрынғы Марқакөл ауданының (қазір Күршім ауданының – автордың түсініктемесі) Боран ауылындағы үйлерді қайта салып, Құмаш Нұрғалиев атындағы мектепті қалпына келтірдік. Қалжыр ауылының іргесіндегі Жаңауылда он бес үйдің құрылысына басынан-аяқ қатыстық.
Кеңес Одағы ыдыраған тұста Ұлан ауданында қоныс тепкен Тәуірбай ағамыз өмірінің үлкен бөлігін осы өңірдегі құрылыстың дамуына арнағанын айтады. Асубұлақ, Огневка, Белогор елді мекендерінде коммуналдық қызметті басқарып, бас инженер қызметтерін атқарады. Құрылыс кенжелеген кейінгі жылдары облыс орталығына ауысқан ол Аягөз қаласындағы, Үшарал, Дружба кенттеріндегі бірқатар нысандардың тұрғызылуына, Зайсан ауданының Сарбұлақ газ кен орнындағы нөлдік циклді құрылысты салуға қатысады.
Құпиясы жоқ игілік
Құрылыстың игілікті іс екенін алға тартқан ағамыз жер сілкінісі кезінде өз қолымен 37 үй тұрғызғанын айтады.
– Адамға бірінші кезекте керегі – баспана, – дейді ол. – Сол кезде қаншама адамның қуанышын көрдім. Жалпы қай бала болмасын, алғаш қолына қалам алған кезде ақ параққа үйдің суретін салып, мұржасынан түтін шығарады екен. Қолына балта мен балға ұстамаған адам кемде-кем шығар. Қай адам болмасын, өмірінде құрылыспен айналысып, бір шеге болсын қағады.
Тәуірбай Қажыбекұлы құрылыстың құпиясы жоқ екендігін айтады. Тұрғызылған қандай нысан болмасын ел-жұрттың көз алдында тұратындықтан, онда қандай құпия болсын?
– Бұрынғы кезде тіпті үйдің іргетасын құйған кезде де жариялап отыратынбыз, – дейді ағамыз. – Арасына жіберілетін арматураның байланғанын, құйылатын бетонның сапасын әр саты сайын комиссияға хабарлап, көрсетіп отыратынбыз. Бүгін де осы үрдіс, бірақ жариялануы бөлек. Қазір жаңағы сатыларды фотосуретке түсіріп басшылыққа жолдап отырамыз.
Ұлан ауданының Асубұлақ кентінде өткен 14 жылдық өмірін айрықша сезіммен еске алған ағамыз аталмыш елді мекендегі спорт нысанының әлі де сақталып қалғанын айтады.
– Асубұлаққа барған сайын спорт кешеніне барып қайтамын. Қолтаңбам қалған құрылысты көрген сайын көзіме жылы ұшырап, көңілім қуанып қалады. Кейінгі жылдары Өскемен қаласындағы бірқатар тұрғын үйлерді тұрғызып, соңғы рет жаңадан салынған облыстық Драма театрының алдындағы субұрқақтың құрылысына қатыстым.
Сегіз қырдың бір сыры
Бір ұл, бір қыз тәрбиелеген Тәуірбай Мырзаханов бүгінде төрт немере сүйіп отыр. Отбасының өзімен бірге өмірдің қызығы мен шыжығын қатар көріп, талай құрылысты қатар атқарғанын айтады.
– Асубұлақтағы спорт кешенін балабақшаға бармаған қызымды қолыма көтеріп жүріп аяқтаған едім, – дейді ағамыз. – Бірақ өмірімде осы жолды таңдағаныма өкініп, осы саладан кеткім келген кездерім болған емес. Оның үстіне құрылыс жалықтырмайтын жұмыс. Бірде жүргізуші, бірде дәнекерлеуші, бірде қалаушысың.
Бос уақытында қазақтың қара домбырасын қолына алып ыңылдап ән айтатын әдетінің барын айтқан Тәуірбай ағамыз құрылыстың қолды қатайтып, саусақтың икемін алғанын да тілге тиек етті.
– Жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болу керек қой, – дейді ол. — Қыс пен жаздың ыстық-суығы, құрылыстың қиындығы адамның саусақтарын қатырып тастайды екен. Содан болар домбыраны қазір көп қолға ала бермейтінім…
Құрылыстың қызығы мен шыжығы
Тәуірбай Мырзаханов құрылыс басын қадағалай жүріп талай қызықтың куәсі болғанын айтады.
– Құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген жылдары қызықты жағдайлар көп кездесті. Жақында бір орыстың жігіті келіп «Қызыма «маған тұрмысқа шықшы» деп ұсыныс айтқым келеді. Маған Қожынкөлдің айлағына жарық тартып беріңізші» демесі бар ма? Екі кештің арасында жалма-жан кабель тартып, көл үстіндегі пирсты әрлеп кеттім. Қасымдағылар не істеп жүр дегендей маған қарап қояды. Тұтынушының көңілін табу керек қой. Ымырт үйіріле жігіттің қызға сөз салған сәтін алыстан болса да барлығымыз тамашаладық, – дейді ол басынан өткен қызықты жайттармен бөлісіп. – Қыстың қақаған аязына қарамастан, құрылысты аяқтайтын кездер болып қалады. Соның бірінде мұз жарылып, су түбіне кетіп қалған кезім болған. Бір құрылысты тезірек аяқтау керек болды. Ақпанның ақ түтегіне қарамастан су бетіндегі құрылысты жасап жатқан кезде мұз қақ айырылып кетпесі бар ма? Көптің көмегімен әупірімдеп жүріп судан шыққан соң жатақханаға жүгіріп барып үстімдегі киімдерімді лақтыра бастадым. Жанымдағы азаматтар «Оу, қақаған аязда саған шешініп не болды?» деп сұрады. Жігіттердің киімдерін киіп алып, сол сәтте құрылыс басына қайта оралдым…
«Қазақы нақышты қалаймын»
Бүгінде Сібе көлдерінің төртіншісі саналатын Қоржынкөлдің жағасында салынып жатқан теңдесі жоқ демалыс базасының құрылысына бас-көз болып жүрген Тәуірбай ағамыз бұйыртса келесі жылы мұнда көпшілік қарасының көптеп жиналатынына сенімді.
– Бұл демалыс базасын Болат Бағадаевтың меншігіндегі «Бест Альянс Групп» ЖШС салып жатыр, – дейді ол. – Ақпан айында бастаған құрылысымыз бүгінде бел ортасынан ауды. Төрт гектар аумақта 120 орындық мейрамханасы, қонақүйлері, жағажайы бар демалыс үйі пайда болады. Мұнда көл үстіне салынған пирстар, экстрим парк болады. Тағы бір ерекшелік – Қоржынкөлді қоршаған қос таудың екі басын жалғайтын темір арқан тартылып жатыр. Мұнда экстремалдық әсерді жақсы көретін туристеріміз екі таудың арасында сырғанап өтетін болады. Сонымен қатар, альпинизммен айналысатындар үшін тастақ таудың қия бетіне арнайы өрмелейтін орындар жабдықталуда.
Қолынан шыққан қай құрылыс болмасын, қазақы сипат беруге тырысатын тәжірибелі құрылысшы Тәуірбай Мырзаханов бұл жолы да осы тұрғыда ойлаған жоспарының барын айтады.
– Көл жағасына алтыбақан орнатып, тарихи үлгідегі қорғандар, қазақы қоныстар салуды ойластырып отырмыз, – деп қолымен көл жағасындағы болашақ құрылыс орындарын нұсқаған ол алдағы уақытта бұл жердің бірегей демалыс базасына айналатынын айтты.
***
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» келсек, ғұмырының басым бөлігін құрылыс саласына арнаған Тәуірбай Мырзаханов жайлы жазуға газеттің бір парағы аздық етеді. Өз ісінің маманы бүгінде алпысты алқымдаса да тұғырынан тайған емес. Өмірдің шыжығы мен қызығын қатар алып жүрген ағамыз әлі де бірегей жобаларға жетекшілік ететініне сенімдіміз.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ