Тік ішек обыры жайлы не білесіз?

599
көрілім

Тік ішек обыры жайлы ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының бас онкологы Ербол Құсайыновпен әңгіме өрбіріп көрген едік. 

Тік ішек обыры барлық қатерлі ісіктердің ішінде жиі кездесетін ауру. Еркектер мен әйел адамдар бірдей ауырады. Әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жылына бүкіл әлемде осы обырмен 500 000-дай адам ауырады.Ал Америкада тік ішек обырына жылына 145 000 диагноз қойылады,оның 93 пайызы 50 жастан асқан адамдар.

Ресейде тік ішек обырының өсуі 1995-2015 жылдары 30,6%, ал Қазақстанда 1994-2021 жылдары  12,3 пайызға көбейіп отыр. Тік ,тоқ ішектерінің қатерлі ісігінің пайда болуына, қоршаған орта факторлары,тамақ құрамының әсері бар. Бұл аурудың көбеюіне әсіресе белог, майы көп тамақтар, аз клетчаткалы тағамдар әсер етеді екен.

Тоқ ішектің обырына шалдығуға әсер ететін  фактор – алкогольді сусындар, соның ішінде  – сыра. Бірақ көбінесе ішектің обыры пайда болып,оның қатерлі ісікке айналуына, ішектің полипы мен полипоздар көп әсер етеді. Бұл аурулар 10-50 пайызға дейін обырға ауысып кетуі мүмкін. Ішектің созылмалы аурулары, жаралары, Крона ауруы, тағы басқалары қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін. Сол себепті осындай аурулармен ауыратын адамдар өте сақ жүріп, тексерілуі қажет.

Басында тік ішегінің обыры бірден білінбей пайда болып, өсуі мүмкін. Ол 15 айға дейін созылады. Бұл кезде адамдар үлкен дәретке барғанда, дәреттің толығымен шықпайтынынан жаман әсер алып жүреді. Бұл ауруға тән басқа да әр-түрлі симптомдар кездеседі.

Тік ішегінің обыры әрқашан сыздап ауырады, ауру құйымшақ, сегізкөз жаққа берілуі мүмкін. Кейде іштің төмен жағына беріледі.Науқас адамдар бара-бара әлсіреп, басы айналып, жүдейді, қаны азаяды. Осындай белгілері бойынша бұл ауыруға да диагноз қоюға болады.

Ал дер кезінде тік ішектің қатерлі ісігі анықталса, оны емдеу де оңай, нәтижесі де жақсы болады. Бұл ауруларға диагноз қоюға, әр-түрлі медициналық тексеретін жолдар бар. Олар ректоромоноскопия арқылы ісікті көзбен көріп анализ алу. Бұған фиброколоноскопия да жатады.Бұл одан да жоғары, өте күрделі тексеру. Ол арқылы 100% дейін диагноз қойылады.

Қорытындылап айтқанда ,осындай ауырудың алғашқы белгілері пайда болса ,жоғарғы дәрежелі дәрігерге, хирург-онколог, проктологқа көрініп,толық тексеруден өткен жөн. Бұл ауруды дер кезінде анықтап, диагноз қойып, дұрыс ем қолданып, жақсы нәтижелерге жетуге көп әсер етеді.