Титаникте қаза тапқан миллионер Джон Джейкоб Асторға тиесілі алтын қалта сағаты Лондондағы аукционда 1,4 миллион еуроға сатылды. Бұл туралы Buqara.kz сайтының тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Қайғылы оқиғадан 112 жыл өткен соң сатылымға қойылған сағат енді ең жақсы ұсыныс жасаған (1,175 миллион фунт (1,4 миллион еуро)) америкалық жеке коллекционерге тиесілі.
Джон Джейкоб Астор әйгілі бизнесмен, өнертапқыш және жазушы болды, ол Титаникке билет сатып алған ең бай адамдардың бірі еді. Оның кемедегі соңғы сәттерін көрген адамдар кеме мұзға соғылғанда бизнесмен темекі шегіп тұрғанын айтқан.
Куәгерлердің айтуынша, ол әйелі Мадленге құтқару қайығына мінуге көмектескен. Әйелі аман қалған, өзі қайтыс болған. Оның денесі сол қымбат сағатпен бірге Солтүстік Атлант мұхитынан табылған.
Атышулы трагедияның куәгері саналатын бұл алтын сағат сән-салтанат пен байлықтың өткінші екенін дәлелдейтін бір мысал секілді – Джон Джейкоб Астор небәрі 47 жыл өмір сүрді.