Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шығыс Қазастан облысы Абай ауданы Қарауыл гимназиясының мұғалімі Төлеген Жанғалиев Абай күнінің мән-мағынасы зор екендігін айтты.
- Абай барша қазақты қараңғы түнде жол сілтер темірқазық іспетті білімге, ғылымға шақырып, жаман қасиеттерден ада болуға үндеген кемеңгер тұлға. Міне дәл осы жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында ашып айтты. Біріншіден, 10 тамыз ресми түрде Абай күні болып бекітілгені өте орынды. Себебі елдің басым бөлігінде хакімнің мерейтойы осы күнде өткізілсе, Семейдегі зиялы қауым 23 тамызда атап өтіп жүрген. Биылдан бастап бұл да бірізділікке түсті. Абай күнінің мән-мағынасы зор. Осы күнді халық Мемлекет басшысы айтқандай, «той тойлап емес, ой ойлап өткізу керек». Егер біз айтыс ұйымдастырып, ас беріп, ат жарыстырумен ғана шектелсек, бұл мерекенің басқадан қандай айырмашылығы болмақ?! Абай күнінде хакімнің ғана емес, ол жайлы жазылған жаңа өлеңдерді, әңгімелерді, әндер мен күйлерді дүйім жұртқа ұсыну қажет деп есептеймін, - дейді ол.
Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында бірқатар мерейтойлық іс-шаралардың онлайн форматқа ауыстырылғанын жеткізді. Коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты бұл шешімнің дұрыстығына ешкім де шүбә келтірмейді.
- Президентіміздің өзі Абайдың өлеңдерін жатқа айтып челлендж бастап, оны бүкіл әлем қолдағаны белгілі. Негізінен осындай шаралардың барлығы келешек ұрпақ үшін жүргізіліп жатыр деуге болады. Себебі Абайды оқу, танып-білу арқылы саналы ұрпақ қалыптасатыны сөзсіз. Ұлы ақынның 175 жылдығы аясында хакімнің туған жері абаттандырылып, Қарауылда мектеп салынды. Бұдан басқа да атқарылып жатқан игі жұмыстар аз емес, - дейді Төлеген Жанғалиев.