Қазақстандықтар келесі жылдың басынан бастап жарыққа, жылуға, су мен ғаламторға ақыны аз төлейтін болады. Жаңа жылдан бастап елімізде коммуналдық төлемдердің төмендейтіні жөніндегі ақпаратты КТК телеарнасы хабарлады.
Қараша айының басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық тарифтерге байланысты шенеуніктерге біраз сын айтқан болатын. Осыдан кейін екі апта бойы министрліктегілер мәселені егжей-тегжейлі сараптап, бірнеше күн бұрын тоқетерін айтты. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар үшін газ, электр және жылу энергиясы, су, көмір, байланыс пен ғаламторға төленетін төлемақы арзандай түспек. Еліміздің Инвестициялар және даму министрі көмірдің теміржол тұйықтарындағы сатылу бағасын қазірдің өзінде анықтап қойды. Шенеуніктердің айтуынша, бұл өз кезегінде көмірдің бағасын 2500-3000 теңгеге төмендетуі мүмкін.
Электр энергиясының бағасы 25 пайызға арзандауы мүмкін. Аталмыш сұрақ желтоқсан айының ортасына қарай соңғы шешімін табады.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың хабарлауынша, қазіргі уақытта 32 монополист 20,3 миллиард теңгеге су, жылу және электр энергиясы саласындағы тарифтерді төмендету жөнінде шешім қабылдаған екен. Егер бағаны жоғарылатқаны дәлелденсе, тағы 60 ұйым тариф бағасын арзандататын көрінеді.
Сонымен қатар қоқыс тасымалдау бағасының өсімі де анықталуда. Тіпті кейбір өңірлерде баға бірнеше есеге өсіп кеткен. Сонымен қатар ұялы байланыс операторлары да желтоқсан айында жаңа әлеуметтік тариф жөнінде қазақстандықтарды қуантпақ ниетте көрінеді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ